Қоғам

Министрлік Кавасаки синдромынан қайтыс болған балалар жайлы ақпарат таратты

Осы уақытқа дейін республика бойынша Кавасаки синдромына шалдыққан 41 бала тіркелді. Олардың басым бөлігі жазылып шықты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Кавасаки синдромынан қайтыс болған екі балаға қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Балалардың бірі 15 жаста болған. Ол қызыл жегімен жиі ауырып жүрген. Бұл ауру адам ағзасын қатты зақымдайды, баланың жағдайы ауыр болды. Оның қанынан коронавирус инфекциясының антиденелері табылған. Сол себепті осы індетпен байланысты болды деген шешімге келдік", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оқи отырыңыз: Санитарлық нормалар сақталмаса, карантин енгізілуі мүмкін – Цой 

Оның айтуынша, Кавасаки синдромынан қайтыс болған екінші баланың жасы екі жарымда.

"Бұл бала тромбозбен ауруханаға түскен. Ол коронавируспен ауырды деген ақпарат болмаса да, тест жасалды. Оның қанынан да антиденелер табылды", - деп атап өтті Ғиният.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін республика бойынша Кавасаки синдромына шалдыққан 41 бала тіркелді. Олардың басым бөлігі жазылып шықты. Бұл ауру коронавируспен ауырып шыққан адамнан екі-алты аптадан кейін анықталып жатады.