Өңірлер

Атырауда бірнеше қабірді қиратқан тұрғын ұсталды

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Атырауда бірнеше қабірді қиратқан адам ұсталды. Ол Қызылқоға ауданының 43 жастағы тұрғыны болып шықты, деп хабарлады Polisia.kz.

27 қыркүйекте сағат 13.30-да Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылында Мәтен қожа мазарының жанында қасиетті жерге келушілерге арналған үй өртенді. Салдарынан қабір, сарай мен 12 құлпытас бүлінді.

Атырау облысы полиция департаменті және Қызылқоға аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері іздеу іс-шараларының нәтижесінде күдіктіні анықтап, ұстады.

Қазір күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

"Мұндай ешқашан болған емес": Атырау облысында бірнеше қабір қиратылды

Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 314-бабы "өлген адамның мәйітін және олар жерленген жерлерді қорлау" бойынша жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін күдіктінің киелі жерге қарайтын қызметкердің туысы екені хабарланған еді.

Айта кетейік, Мәтен Қожа мазары 1995 жылы салынған. Бұл Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарихи ескерткішіне жатады. Ол Тасшағыл ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан.