Қоғам

Тоқаев еріктілер үшін жақсы жаңалықты бөлісті

Президент қазір қайырымдылық жасайтын азаматтар мен көмек алушылардың реестрін құру бастамасы іске асырылып жатқанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда волонтерлік жұмысты еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн форматта өткізген кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Ақорда.

Еріктілерге арналған жеңілдіктер

Тоқаев волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдығы деп санайды. Волонтерлік іспен айналысу – патриотизмнің жарқын көріністерінің бірі.

"Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қызметкерлердің волонтерлік жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Қазіргі таңда бұл жақсы нәтиже деп есептеймін", - деді президент.

Мемлекет басшысы еріктілердің, қайырымдылық қорлардың пандемияға қарсы күрес кезінде үлкен рөл атқарғанын ескере отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық күнін жариялау туралы ұсынған бастамасы қолдау тауып, жүзеге асатынына сенім білдірді.

Оның пікірінше, Қазақстан волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту ісінде озық халықаралық үрдістерден қалып қоймайды. Волонтерлік қызмет осы жылмен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді.

Қайырымдылық туралы заң

Қазіргі уақытта Тоқаевтың тапсырмасымен түсінікті әрі тиімді құқықтық механизмдерді қамтитын Қайырымдылық туралы заң әзірленіп жатыр.

"Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар өздерінің еңбек етуіне, соның ішінде мемлекетпен және бизнеспен бірлесе жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасайтын заң жүзінде шынайы мәртебеге ие болуы тиіс. Үкіметке бұл мәселені пысықтау тапсырылды", - деді президент.

Тағы оқыңыз: Жастар саясаты туралы жаңа кешенді бағдарлама әзірленеді

Заң жобасында қайырымдылық ұйымдарға мемлекеттік қызмет көрсетудің, инфрақұрылымды пайдаланудың, ақпараттық қолдау кезінде жеңілдіктер берудің нақты тетіктерін әзірлеу көзделіп отыр. Сонымен қатар, мемлекет басшысының айтуынша, салықтық жеңілдіктер де қаралады.

Қайырымдылық жасайтындардың реестрі құрылады

Бүгінде қайырымдылық жобаларға бағытталған ірі бизнес табысын 3% және шағын және орта бизнес табысын 4% көлемде салықтан босату заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Бірақ шағын және орта бизнес бұл жеңілдіктерді пайдаланбай отыр. Тоқаев аталған жағдайға талдау жасап, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

Президент бизнестің қайырымдылыққа қаржы аударуы ыңғайлы әрі тиімді  болуы керек екенін айтты.

"Қайырымдылық қорларға қаржы түсуінің және оның әрі қарай жұмсалуының  ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта күңгірттікке жол бермеу керек. Қазір қайырымдылық жасайтын азаматтар мен көмек алушылардың реестрін құру бастамасы іске асырылуда. Бұл міндеттің барынша нақты орындалуына мүмкіндік жасаған жөн. Қайырымдылық жобалар арқылы өтетін барлық қаржының жұмсалуына ақпараттық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет", – деді ол.

Тоқаев жеке қайырымдылықтың барлық түрі дамуы керек деп санайды. Әр адамның бастама көтеріп, өз қаржысын қайырымдылық мақсатқа бөле алатын жүйе құрылуы тиіс.  

"Өкінішке қарай, тиісті ақпараттық жұмыстар талапқа сай жолға қойылмаған, адамға сенім ұялататын тетіктер жасалмаған. Кейде бұқаралық ақпарат құралдарынан азаматтарымыз кімге және қалай көмектесуге болатынын білмейді деген ақпаратты естіп қаламыз. Ал егер азаматтарымыз мұндай жұмыспен айналысатын болса, олардың қайырымдылық қаржысы қай мақсатқа пайдаланылатынын нақты білу керек", – деді мемлекет басшысы.

Президент үкімет жанындағы қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылған барлық мәселені, бастамаларды пысықтауға, сондай-ақ, Қазақстан заңнамасына тиісті өзгерістер енгізуді кешіктірмеуге тапсырма берді.

Кездесу соңында бірқатар азамат пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін "Халық алғысы" медалімен марапатталды.