НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтың туыстарынан заңсыз түрде 1 миллион 200 мың доллар алғаны үшін кінәлі деп танылды. Үкімді Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды.
Сот Мамуновтың Қостанайдың бұрынғы әкімі сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғанын біле тұрып, өзінің таныстарының туысынан ақшаны алдап алғанын анықтады.
"Мамунов сот жүйесіндегі бұрыннан бар таныстарына сілтеме жасай отырып, жазаны жеңілдетуге және тәркіленген мүлікті қайтаруға көмектесуге уәде береді. Осындай қызметі үшін олардан пәтер мен автокөлік сатып алуға жұмсаған 1 миллион 200 мың доллар көлемінде ақша алған", – делінген сот ісінің материалдарында.
Мамунованың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, олардың арасындағы әңгімелердің аудиожазбасымен және сарапшылар қорытындысымен дәлелденді.
Заң бойынша, егер адам алдау жолымен пара алған болса, онда мұндай әрекеттер алаяқтық және пара беруге итермелеу ретінде жіктеледі.
Оқи отырыңыз: Мүгедек балаларды азаптаған: Павлодарда орталық қызметкерлері сотталды – видео
Осылайша, Руслан Мамунов Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танылды: 190-бап, 4-бөлігінің 2-тармағы – аса ірі мөлшерде алаяқтық, 28-баптың 4-бөлігі – қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу, айдап салушылық, басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіру және 367-баптың 4-бөлігі бойынша – аса ірі мөлшерде пара беру.
Сот үкімі
Сот үкімімен Мамунов 12 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Мамунов сонымен бірге мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқару құқығынан айырылды.
Ұрланған ақшаға сатып алынған мүлік – екі көлік пен екі бөлмелі пәтер тәркіленді.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.