Өңірлер

Түркістан облысында өзге өңірдің екі тұрғыны 700 келі есірткімен ұсталды

Бетпақдала аумағында көлік жүрмейтін жолдармен кетіп бара жатқан көлікті қорықшы байқап қалып, полицияға хабарлаған
Sputnik

АЛМАТЫ, 30 қыркүйек – Sputnik. Түркістан облысында Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының тұрғыны 700 келі есірткімен ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбековтің айтуынша, "Қарасора – 2020" жедел іздестіру іс-шаралары аясында облыстың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Созақ ауданы полицейлері және жергілікті қорықшылармен бірге есірткінің ірі партиясын тасымалдаған "Toyota Land Cruiser" автокөлігін ұстады.

Жедел уәкілдер көлікті тінту кезінде ішінен 37 полиэтилен қапшығы мен өсімдік тектес есірткі заттары бар бірнеше ыдысты тапқан.

Оқи отырыңыз: Қызылордада полицейлер есірткі диллерлерін тікұшақпен қуып жүріп ұстады – видео 

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған есірткі заты жалпы салмағы 650 келіден асатын "кептірілген марихуана" және 48 келіге жуық "гашиш" болып шықты.

Осы іске қатысты екі күдікті ұсталды. Олар – Нұр-Сұлтан қаласы және Жамбыл облысының бұрын сотты болған тұрғындары. Күдіктілер есірткі салынған қапшықтар мен ыдыстарды алдын ала дайындап, Жамбыл облысынан жолға шыққан. Әрі қарай Созақ ауданы арқылы жол бойындағы айналма жолдармен Қостанай облысына қарай кетпек болған.

Бетпақдала аумағында көлік жүрмейтін жолдармен жасырынып кетіп бара жатқан көлікті қорықшы байқап қалып, полицияға хабарлаған.

"Ұсталған ер адамдарды оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Созақ аудандық полиция басқармасына жеткізді. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркелді", – деп мәлімдеді ПД бастығының орынбасары.

Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.