НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Өзбекстанда қазақ мәдени орталығын салып жатқан азамат Қазақстандағы қандастарынан көмек сұрады, деп хабарлайды "Хабар 24".
Жақсылық Жорықбаев қазақ жастары арасында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеу үшін орталық ғимаратын өз есебінен тұрғызбақшы еді. Алайда қазір құрылыс тұралап қалған көрінеді.
Ташкенттен 40 шақырым жерде орналасқан Шыршық шаһарында 25 мыңдай қазақ түтін түтетіп отыр.
"Бұл – біздің орталықтың екінші қабаты. Бұл жерде домбыра, би, жайдарман үйірмелерін өткізбекшіміз. Өзіміздің фольклорлық ансамбліміз болады", - дейді Шыршық қаласы қазақ мәдени орталығының төрағасы Жақсылық Жорықбаев.
Бұл жерді Жақсылық Жорықбаев жергілікті қазақ жастары жиі бас сұғатын орынға айналдырмақшы. Оның мақсаты – балаларды бауырмалдыққа һәм қазақылыққа тәрбиелеу. Қандас бауырымыз Өзбекстанда ұлтымыздың ұлыларын жиі ұлықтайды. Мысалы, биыл Абайдың 175 жылдығына арнап ауқымды ісшара өткізген.
"Ата дәстүрді үйретуіміз керек. Осы құрылысты сол үшін қолға алдық. Жастарды бір жерге жинап үйретпесек, түсінбейді. Әркім өз тіршілігін істеп жүр", - дейді орталық басшысы.
"Бір мәселеміз бар еді, оны да Мирзиеев шешіп берді": Өзбекстандағы қазақтардың өмірі
Жорықбаев қазақ мәдени орталығының құрылысын екі жыл бұрын бастаған. Ол үшін бизнесін сатып, банктен кредит алған. Ғимаратты былтыр өткен Өзбекстандағы Қазақстан жылы қарсаңында салып бітіруді көздеген еді. Қазір қаржы мәселесі қос бүйірден қысып отыр дейді ол.
"Мен 120 мың доллардан артық қаржы жұмсадым. Енді 30 мың доллар болса, жұмыс бітеді. Қазақстан халқы жәрдем беріп жатса, Алла разы болады деп ойлаймын", - деп түйіндеді Жақсылық Жорықбаев.