Қоғам

Ақтөбелік бозбала сүйіктісімен жыныстық қатынасқа түскені үшін сотталуы мүмкін

Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорының жетекшісі балалардың бір-бірін жақсы көруін қылмыс деп санамайды
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбеде Нұрасхан есімді жасөспірім 16 жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынаста болғаны үшін сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы "НеМолчиKZ" зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорының жетекшісі Дина Смайылова (Таңсәрі) жазды. Оның айтуынша, Нұрасхан мен А. есімді жасөспірім қыз-жігіт болып кездесіп жүрген. Бала 17-де, ал қыз 15 жаста.

Шілде айында екеуі бірге Нұрасханның әжесінің үйіне қашып кеткен. Оларды ата-анасы үйіне қайтарғанымен, жасөспірімдер кейіннен қайта қашып кетеді. Оларды сол күні тапқан бойда қыздың анасы медициналық сараптама жасауды талап етеді.

"16 қыркүйекте Нұрасхан Қылмыстық кодекстің 122-бабы "он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" бабы бойынша қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды", – делінген жазбада.

Ол 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

18 қыркүйекте Ақтөбенің тергеу соты Нұрасханды екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

Балалар үшін заңның қатал болатынын білмеген

Таңсәрінің айтуынша, қыздың анасы сараптаманы талап еткеніне өкініп отыр. Себебі, заңның балаларға қатал болатынын білмеген. Ата-анасы екі жасөспірімнің үйленуіне қарсы емес, алайда бұған заң рұқсат бермейді.

"Заңға қайшы әрекетті көріп отырмыз, бірақ неге тергеу сотына жәберіленуші тарапты шақырмады? Неге қыздың анасына өз пікірін айтуға мүмкіндік бермеді? Неліктен адвокаттар ақша алып, өтініш жазбайды? Айыпталушы тараптың адвокаты ештеңе істеген жоқ. Тіпті, сот шешіміне наразылық білдірмеді. Ол жәбірленуші тарапты сотқа шақыруды неге талап етпеді? Балалар аңғалдығы мен ақымақтығынан ешкімнен ештеңе жасырған жоқ. Олар полиция бөлімшесінде де бір-бірін жақсы көретінін дәлелдеді емес пе? Ал нағыз педофил бәрін соңына дейін жоққа шығарады", – деп жазды Таңсәрі.

Сыбайлас жемқорлық бар болуы мүмкін

Ол бұл істе сыбайлас жемқорлық бар болуы мүмкін екенін де айтты.

"Мүмкін ата-аналар біреуге ақша төлеуден бас тартқан шығар? Қазір қаншама зорлықшы сараптама бойынша қылмысы расталса да бостандықта жүр. Қамқоршылық органдар жасөспірімдерді неге қорғамайды", – деп жазды ол.

Сондай-ақ, Таңсәрі екеуінің келісім бойынша бір-бірімен ересек қарым-қатынасқа түскенін, балалардың жақсы көруді қылмыс деп санамағанын жазды.

"Ересектердің ешқайсысы оларға ерте жыныстық қатынастың салдары туралы, әсіресе мұндай қарым-қатынастың құқықтық сипаты туралы айтқан емес. Өйткені, мектептерде бұл оқытылмайды. Ал ата-аналар үшін бұл ұят болып саналады", – деп жазды Дина Таңсәрі.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысының тұрғыны жасөспірім қызды интимді видеомен бопсалаған