НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Ұлы Отан соғысына қатысқан бес қазақстандықтың сүйегі жер қойнына тапсырылады. Төрт жауынгер Ресейден, тағы біреуі Украинадан табылды, деп хабарлады "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мушанова.
Қазіргі таңда жауынгердің сүйегі Қазақстан Республикасының Киевтегі әскери атташесіне тапсырылды және 2020 жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстанға жеткізіледі. Жауынгердің немересі Марат Тікшекеев оны Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Дәукара ауылында жерлеуді жоспарлап отыр.
"Вертикаль" мамандандырылған іздеу бірлестігінің жетекшісі Владимир Жарконың айтуынша, сарбаз сүйегінің қалдығы жүгері алқабынан табылған.
"2020 жылдың 30 наурызында Киев облысының Макаров ауданында жүргізілген далалық жұмыстар кезінде біз Қызыл әскердің төрт сарбазының сүйегін таптық, олардың біреуі қазақ Қайыржан Тікшекеев болып шықты. Біз жеке сәйкестендіру белгісі арқылы сарбаз туралы деректерді анықтадық. Оның сүйегінің қалдығы жүгері өсірілетін егістік алқабынан табылды. Бұл бауырластар зираты емес, Тікшекеев өзінің соңғы шайқасын осы жерде өткізген. Ол 1941 жылы Киевті қорғаған 28-ші атқыштар дивизиясының құрамында болған", - деді Жарко.
Қазақстандықтың туыстарымен әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатылған.
"Біз әлеуметтік желінің көмегімен сарбаздың туыстарын, немересі Маратты тез тауып алдық. Facebook-ке жаздық, ол бірден жауап берді, артынан хат жазыстық, біртіндеп достық қарым-қатынас орнаттық. Кейін Қазақстан елшілігі бізбен байланысқа шықты. Ал 18 қыркүйекте сарбаздың сүйегін туған жеріне жөнелттік", - деп атап өтті іздеу отрядының өкілі.
1941 жылдан бастап іздеген
Әскери жауынгердің немересі Марат Тікшекеевтің айтуынша, туыстарының Қайыржан Тікшекеев туралы дерек іздегеніне 80 жылға жуықтаған.
"1940 жылы атам әскер қатарына шақырылады. Соғыс басталған кезде ол Украина майданына жіберіледі. Сол жерден 1941 жылдың жазына дейін хат келіп тұрады. Содан кейін онымен байланыс үзіліп, ол хабар-ошарсыз кеткен сарбаздардың тізіміне ілікті. Алайда біздің әулетіміз іздеу шараларын тоқтатқан жоқ. Алдымен әжем, кейін әкем іздеді. 2004 жылы әкем дүниеден өткеннен кейін іздеу шараларымен өзім айналыстым. Қолымда атамның хаттары, ол туралы кейбір мәліметтер болды", - деді Марат Тікшекеев.
Ол Украинаның іздеу отрядының өкілдеріне, Қазақстанның қорғаныс министрлігіне және "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігіне атасының сүйегін туған жерінде қайта жерлеуге қолғабыс тигізгені үшін алғыс білдірді.
"Алғашқыда сүйек қалдықтарын "заңсыз қазушылар" тапқан, олар іздеу бірлестігіне келіп, сол жерді мұқият қарап шығуды өтінген. Нәтижесінде жүгері алқабында мерт болған көп сарбаздың сүйегі жатқаны белгілі болды. Ал атамыздың сүйегінің табылғанын әлеуметтік желілер арқылы білдік. Қазір оны жер қойнына тапсыруға қатысты шаралар толығымен дайын, барлық туысымыз бұл күнді асыға күтіп отыр", - деді Қайыржан Тікшекеевтің немересі.
Тағы бір жауынгердің сүйегі елге жеткізіледі
Райгүл Мушанова сондай-ақ Ресей жерінен табылған басқа жауынгерлердің де сүйегін отанына жіберу туралы айтып берді.
"Atamnyn Amanaty" қауымдастығының, ресейлік және қазақстандық іздеу жүйелерінің, қорғаныс министрлігінің, Ресей Федерациясы мен Қазақстан елшіліктерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстаннан шақырылған және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қаза тапқан төрт Қызыл Армия жауынгерінің сүйектерін елге жеткізуге мүмкіндік туды. Олар кезінде хабарсыз кеткендер тізіміне енгізілген сарбаздар", - деді деп атап өтті ол.
Мушанова бұл миссияның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, 75 жыл бойы бұл сарбаздар туралы жылт еткен жаңалықты туыстары мен достары асыға күткен. Бүгінде есімдері ел жадында сақталған жауынгерлер туралы отбасылық естеліктер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
2019 жылдың қазанында "Atamnyn Amanaty " қоғамдық бірлестігі 1942 жылдың тамыз айынан бастап хабар-ошарсыз кетті деп саналған сарбаз Сүйінбай Мәзібаевтың сүйегін Алматы облысының Сүмбе ауылына жеткізіп, салтанатты түрде жер қойнына тапсыру шарасын ұйымдастырды.
2020 жылдың 23 мамырында Медет Аманжоловты Қарағанды облысы Ақадыр ауылында жерлеу үшін сүйегін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
2020 жылдың қыркүйек айында Қазақстанға Қызыл армияның екі жауынгерінің сүйегі тапсырылды. Жағыпар Қайларовтың сүйегі Алматы облысының Жетіген ауылына, Әзікен Нұғмановтың сүйегі Ақмола облысына жеткізілді.
Ленинград түбіндегі шайқаста қаза тапқан Ескендір Ойнаровтың сүйегін елге жеткізу үшін келіссөздер жүргізілуде.
"Константин Москвин жетекшілік ететін "Иван Сусанин" отряды Санкт-Петербург маңында қазба жұмыстарын жүргізіп, жерлесіміз Ойнаров Ескендірдің сүйегін көтерді. Біз Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасын туған жерінде қайта жерлеу үшін Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігіне хабарластық. Олар жауынгердің туыстарын табуға көмектесті", - деді Мушанова.