Елорда тынысы

Нұр-Сұлтан қаласының бет-бейнесі қалай өзгереді

Алдағы он жылда Қазақстанның бас шаhарының бет-бейнесі өзгеріп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы әрі жайлы қалаға айналуы мүмкін, дейді сарапшылар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика жөніндегі орталығы әкімдікке жаңа идеялар ұсына отырып, қала инфрақұрылымын жақсарту туралы тұжырымдарын әзірлеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған жобалардың бірқатары жүзеге асырылды. Бас шаhарды одан әрі көркейту мақсатында атқарылатын жұмыс жоспары турасында орталық басшысы Елнар Базыкен айтып берді.

Адамдарға жайлы қала

Урбанистика орталығы әртүрлі топтың мүдделерін ескере отырып, қаланың қоғамдық кеңістік деңгейінде дамуының әлеуметтік-экономикалық стратегиясына арналған 2030 жылға дейінгі бас жоспарын ұсынды.

"Қала құрылымындағы өте маңызды элемент – қоғамдық кеңістік. Оның дұрыс басқарылуы біз үшін маңызды. Әлемде инвесторлардың, белсенді азаматтардың қоғамдық орындарды тиімді басқару тәжірибесі бар", – деді Базыкен қалаларды дамытуды қолдау жөніндегі QazUrban қауымдастығының ашылуында.

Орталық автокөліктер үшін емес, адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі ыңғайлы қала құру идеясын насихаттайды. Ол үшін мүмкіндігінше, қоғамдық орындарды көптеп құру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды кеңейту және велосипед жолақтарының ұзындығын арттыру жоспарлануда.

Триатлон саябағындағы спорттық ойындар мен таза ауада демалуға арналған көпірасты кеңістік үлгісімен қаланың басқа бөліктерінде де, мәселен Пушкин көшесіндегі көпір астында осы тектес демалыс орындарын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Нұр-Сұлтан қаласының бет-бейнесі қалай өзгереді

Сонымен қатар, орталық Нұр-Сұлтандағы "Астана" саябағынан бастап, Бейбітшілік пен келісім сарайы маңындағы президенттік саябаққа дейінгі барлық үлкен саябақтар біріктірілетін болады.

Нұр-Сұлтан қаласының бет-бейнесі қалай өзгереді

Қоғамдық орындарға келетін болсақ, мұнда жасыл желекті көбейту, субұрқақтар мен қаланың бірқатар ауданында орындықтары мен әткеншектері бар демалыс орындарын құру жоспарланып отыр.

Мәселен, Омаров көшесінің бойында Қазан қаласындағыдай (Татарстан) субұрқақтар кешенін орнату көзделуде.

"Біздің балаларымыз сумен ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан, арық бойында су ойындарына арналған алаңқай ашқымыз келеді. Қазір бұл жоба жүзеге асырылып жатыр. Келер жылы қала тұрғындары нәтижені көрген кезде қатты қуанады деп ойлаймын", – деді Елнар Базыкен.

Нұр-Сұлтан қаласының бет-бейнесі қалай өзгереді

Елорданың солтүстік жағалауындағы Абай даңғылы, Сәтпаев және Петров көшелері де түрленіп, көркейетін болады.

Бұл жерлерде урбанистер көше құрылымын өзгертіп, велосипед жолдарының орнына велотұрағы бар велосипед жолақтарын жасағысы келеді.

Болашақта ол былай көрінуі мүмкін.

Нұр-Сұлтан қаласының бет-бейнесі қалай өзгереді

"Ескі алаңдағы жобаға бөлек тоқталып өтейін. Ол өте көпфункционалды жоба. Біз қалалық орман, амфитеатр аймағын құруды көздейміз. Онда адамдар кішігірім концерттер мен іс-шараларды өткізе алады және осы жерге өте керемет субұрқақ орнатқымыз келеді", – деді елорда әкімдігінің алдындағы алаңда абаттандыру жобасының нобайын көрсеткен орталық басшысы.

Нұр-Сұлтан қаласының бет-бейнесі қалай өзгереді

Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығы – консультативтік-кеңесші орган. Бірақ Елнар Базыкеннің айтуынша, көптеген шешім уәкілетті органдармен келіссөздер арқылы жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта урбанистер өз идеяларын толық жүзеге асыра ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ал ұсынылған бас жоспар кемінде он жылға есептелген.