Қоғам

Алматыда күдікті жауап алғаннан кейін терезеден секіріп көз жұмды

22 қыркүйекте марқұмнан күдікті ретінде жауап алынды, қасында адвокаты да болған. Тиісті хаттамалар толтырылғаннан кейін, ер адам терезеден секіріп кеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Алматыда аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған ер адам экономикалық тергеу департаменті ғимаратының терезесінен секіріп қаза болды. Бұл туралы қаржы министрлігі қаржылық мониторинг комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қайғылы оқиға Алматыда 22 қыркүйек кешке болған. Күдікті Ерлан Қоныспаев экономикалық тергеу департаменті ғимаратының бесінші қабатынан секіріп кеткен. Оқиға орнына бірден жедел жәрдем шақырылды. Алайда дәрігерлер 44 жастағы ер адамның өлімін тіркеді.

"Қазіргі таңда бұл фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұған қоса, қаржылық мониторинг комитеті ішкі қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Бір мезетте қылмыстық процесс қатысушыларын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ведомстволық шаралар қабылдануда. Қаржылық мониторинг комитеті марқұмның отбасына көңіл айтады және бұл трагедияның объективті тергелуіне жан-жақты көмек көрсетеді", - делінген хабарламада.

Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, марқұм 2016 жылы білім министрлігінің ғылым комитетінен 230 миллион теңге мақсатты грант алған. Оның 88 миллион теңгесін еншілес компаниялардың шотына аударып, қолма-қол ақша етіп алған. Алайда келісімшартта қарастырылған жұмыстар орындалмаған.

Комитеттен хабарлағандай, 22 қыркүйекте марқұмнан күдікті ретінде жауап алынды. Қасында адвокаты да болған. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағында ("Аса ірі мөлшердегі алаяқтық") көзделген қылмысты жасады деп айыпталды.

"Тергеу амалдары аяқталысымен, Қоныспаевтың 2012 жылы ауыр қылмыс үшін сотты болғанын және жаңа ауыр қылмыс жасағанын ескеріп, тергеуші Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы тәртібінде оны ұстау және уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім қабылдады", - деді баспасөз қызметінен.

Алайда хаттамалар толтырылғаннан кейін, Қоныспаев терезеден секіріп кеткен.