Қоғам

COVID-19 инфекциясын жұқтырған кезекші сынып оқушыларының саны артты

Қазақстанда мектепке барып оқитын оқушылар арасында коронавирус инфекциясы 11 қыркүйекте анықталды
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 қыркүйек – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті кезекші сыныптар мен шағын мектептерде коронавируспен ауырып қалған төрт оқушы туралы ақпарат таратты.

"Бірінші қыркүйектен бастап облыста төрт бала коронавирус жұқтырды. Олар Шемонаиха ауданының төртінші сыныбында оқитын екі оқушы, Көкпекті ауданының 11-сынып оқушысы және Алтай ауданының 2-сынып оқушысы. Науқастар оқитын мектеп шағын жинақталған мектеп болып табылады", – деп хабарлады департамент.

Екі сынып пен бір мектеп екі апталық карантинге жабылды.

COVID-19 инфекциясы анықталған барлық мектепте эпидемияға қарсы дезинфекциялық шаралар жүргізілді.

Оқи отырыңыз: Цой балалар қай жастан кейін коронавирусты жылдам тарататынын айтты

Айта кетейік, 14 қыркүйекте 2-сынып оқушысының коронавирус жұқтырғаны белгілі болған.

Ал 18 қыркүйекте өткен брифингте тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова кезекші сынып оқушылары арасында инфекция жұқтырғандар жоқ екенін хабарлады.

Алайда, коронавирус қашықтан білім алатын 9-сынып оқушысынан да анықталған.