Қоғам

Депутат бұрынғы вице-министрдің отставкасы жайлы: бұған жауап беруі керек

Людмила Бюрабекова 23 қыркүйекте өз өтінішімен денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметінен кетті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова өз әрекетіне жауап беруі керек деп санайды.

Бұл туралы мәжілісмен Facebook-тегі парақшасында жазды.

Депутат экс-шенеунікті фармацевтика өнеркәсібінің дамуына мүмкіндік бермей, отандық ғалымдардың препараттары мен құрылғыларын клиникалық сынақтан өткізуге кедергі келтірді деп айыптады.

Смирнованың айтуынша, Бюрабекова шетелдік дәрі-дәрмектің, көрші елдермен салыстырғанда, бірнеше есе қымбатқа сатылуына, зертханалардың бірінде коронавирусқа қарсы ПТР анализінің 20 000 теңге тұруына ықпал еткен.

"Бетперде 110 теңгеден арзан болуы мүмкін емес деп мәлімдеді. Осы жылдың қорқынышты жазында дәрі-дәрмектің жоқтығына бей-жай қарады. Адамдар мен пациенттердің тағдырына алаңдамайтынын көрсетті. Айта берсе, толып жатыр. Ақыр соңында қызметтен босатты-ау. Жай алып тастамаған шығар деген үміттемін. Бұған жауап беруі керек", - деп жазды Смирнова.

Людмила Бюрабекова 23 қыркүйекте өз өтінішімен қызметтен кетті. Ол денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып 2020 жылдың сәуірінде тағайындалған еді.

Денсаулық сақтау министрлігін ол уақытта Елжан Біртанов басқарды.