Дерекқор

"5-10-20" және "7-20-25" бағдарламалары бойынша қалай баспана алуға болады

"7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері тұрғын үй қарызын алуға 39 мыңнан астам өтінім түскен
Sputnik

Осы жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған ұқсас әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасын – "5-10-20" іске қосуды тапсырды.

Екі бағдарламаның шарттары жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

"7-20-25"

"7-20-25" – әлеуметтік бағдарлама, қазақстандықтарға баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама операторы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ.

Бағдарлама шарты бойынша тұрғын үй қарызын беретін банктер:

  • "Банк ЦентрКредит";
  • "Сбербанк";
  • "Қазақстан халық банкі";
  • "Евразия банкі";
  • "АТФБанк";
  • Jýsan Bank;
  • Bank RBK;
  • Forte Bank.

Тұрғын үй қарызын алушыларға қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • Қазақстан аумағында меншігінде баспана болмауы;
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірісінің болуы;
  • ипотекалық кредиті болмауы.

Бағдарлама шарттары

Қарыз бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесі – 7%.

Бастапқы жарна – баспана құнының 20%-і.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғары бағасы – 25 миллион теңге, Қарағанды үшін – 20 миллион теңге, басқа өңірлер үшін – 15 миллион теңге.

Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Тағы оқыңыз: Мемлекет арендалық баспана ақысын қалай төлейді?

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылдың 17 қыркүйегіндегі жағдай бойынша "7-20-25" бағдарламасымен үй алуға 461,341 миллиард теңгеге 39 689 өтінім түскен. 267,691 миллиард теңгеге 22 847-сі мақұлданды.

Бағдарлама іске қосылғалы бері банктер 18 206 қарыз берген.

"5-10-20"

"5-10-20" – көпке белгілі "Нұрлы жер" бағдарламасының бағыттарының бірі.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жаңа "5-10-20" – "Шаңырақ" жобасы бойынша өтінім қабылдауды биыл 17 қыркүйекте бастады.

Тұрғын үй қарызын алу үшін қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • әкімдікте баспана кезегінде тұру (1986 жылдан 2015 жылға дейін);
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірістің болуы.

Бағдарлама шарттары

Кредит бойынша мөлшерлеме – 5%.

Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-і.

Қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін.

Қарыз алушы пәтерді баспана кезегінде тұрған өңірден ғана сатып ала алады.

Егер негізгі кіріс жеткіліксіз болса, қосымша табыстарды қосу мүмкіндігі бар. Олар: зейнетақы аударымдары, тұрғын үй немесе экологиялық төлемдер.

2020 жылы "Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 210 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 90 миллиард теңгесі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" аударылды.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" мәліметінше, 17 қыркүйектегі жағдай бойынша барлығы 21 039 өтінім қабылданды. 6 миллиард теңгеге 472 өтінім мақұлданды.