Өңірлер

Көшеде мысықты шайнап тастаған иттің иесі табылды – видео

Иттің иесі Павлодар қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 27 780 теңге айыппұл салынады  
Sputnik

АЛМАТЫ, 22 қыркүйек – Sputnik. Әлеуметтік желіде ер адам жетектеген тұмылдырықсыз иттің мысықты шайнап жатқан видеосы тарады. Оқиға Павлодар облысында болған. Өңірдің полиция департаменті иттің иесі анықталып, жауапқа тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Әлеуметтік желіде тараған видео бойынша полиция тексеру жұмыстарын жүргізді. Иттің иесі анықталып, ұсталды. Ол Павлодар қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Иттің лақап аты – Мамай. Оның иесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды", - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы 2-бөлігінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу – жеке тұлғаның денсаулығына немесе мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан әрекеттер көрсетілген. Бұл бап бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл – 27 780 теңге.

Айта кетейік, бұған дейін итті көлігіне байлап серуендеуге шыққан павлодарлық жауапқа тартылған болатын. Көліктің 26 жастағы жүргізушісі Павлодарға Өскеменнен жарысқа келген досын кездестіріп, алабайды көлік терезесінен қарғыбауын шығарып серуендетуге тура келгенін айтты.

Жануарларға қатыгездік таныту фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Бұл бап бойынша 120 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2778) көлеміндегі айыппұл немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа міндеттеу, я болмаса 30 тәулікке дейін қамау шарасы қарастырылған.