Өңірлер

"Бомба түскендей шулап жатыр": әкімдік спортзалдағы оқиғаға қатысты түсініктеме берді

Салынып жатқан спортзалдың бір блогында шатырдың кішкентай бір шеті құлап кеткен, дүрлігуге себеп жоқ, дейді Алматы облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында дене шынықтыру кешенінің шатыры опырылып құлауына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, мамандар апаттың себебін анықтауға кірісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматы облысының әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, Ұйғыр ауданындағы Шоңжы ауылында дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің үшінші блогы – спортзалдың шатырын жасағанда металл конструкция опырылып құлаған. Бұл блоктың жалпы ауданы 1058,4 шаршы метрді құрайды. Ал бірінші және екінші блоктарға зақым келмеген. 

"Зардап шеккен және қайтыс болған адамдар жоқ. Құрылыстың бас мердігері – "Лидер-НК" ЖШС. Нысанның құрылысы өткен жылы қараша айында басталды", - дейді әкімдік мамандары.

Қазіргі кезде облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған әкімнің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов басшылық етеді. Жұмыс тобының өкілдері апаттың себебін анықтау мақсатында оқиға орнына аттанды. Олардың арасында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаев та бар. Оның айтуынша, дүрлігуге себеп жоқ. Өйткені шатыр құлаған нысан – дене шынықтыру кешенінің бір блогы ғана. Ал фотодан үлкен бір аймақ сияқты көрінеді.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкер Нұр-Сұлтанның қымбат үйлерінің қорқынышты фотоларын жариялады   

"Қазір жұрт ядролық бомба түсіп кеткендей шулап жатыр. Шын мәнінде бір блокта шатырдың кішкентай бір шеті құлап кеткен. Ана бір жас бала фотоға түсіргенде дұрыс қырынан алмаған. Сөйтіп, суретті жан-жаққа таратып жіберген. Қазір комиссия қай жерден қате кеткенін анықтауға кірісті. Бір айдың ішінде белгілі болатын шығар. Біз де осында жүрміз", - деді Усманов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, дене шынықтыру кешені Шоңжы ауылының шетінде орналасқан. Құрылыстың екі блогы салынып тұр. Үшінші блоктың шатыры қалпына келтіріледі.

"Жоспар бойынша нысанды жыл соңына дейін тапсыру қажет. Болмаса, тағы бір айға созамыз. Ауыр жұмыс емес, жылдам аяқтайды", - деп түйіндеді Усманов.

Құрылыстың жалпы құны – 1,1 миллиард теңге. Ол жерде бір уақытта 180 спортшы жаттығу жасай алады.