АЛМАТЫ, 22 қыркүйек – Sputnik. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР-де "Тіл туралы" заң қабылданды. Бұл кезде Қазақстан егемендік алмаған еді, алайда кейіннен бұл күн Қазақстан халқының тілдері күні деп белгіленді. Ана тілдің маңыздылығы көтерілген айтулы күнге орай, Sputnik Қазақстан тілшісі қазақ тілін жетік меңгерген Түркия азаматымен байланысқа шығып, қазақ тілін не себепті үйренгенін, екі тілдің ұқсастығы мен тіл үйренудегі әдіс-тәсілін сұрады.
22 жастағы Эфкан Өздемирел (Efkan Özdemirel) Ыстамбұл қаласында туып-өскен. Қазір сол қаладағы маңдайалды университеттің бірінде "Түркітану" мамандығы бойынша 4-курста білім алып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын жас жігіт Қазақстанға келіп қазақ тілін меңгерген, қазір сол білімінің арқасында тіл оқыту курсын жүргізіп отыр.
Эфкан түрік және қазақ тілімен қатар ағылшын, өзбек, қырғыз тілін біледі. Орыс тілін де Қазақстанда жүріп үйренген.
"Қазақ тілін оқып жатқан мамандығыма қажет болған соң үйрендім. Алғашқыда Ыстамбұлда жүріп алты ай бойы қазақ тілінен сабақ алдым. Тілді тереңірек меңгеру үшін Қазақстанға келдім. Бұл жақта тілді меңгеру деңгейім жоғарылай түсті. Оған ең алдымен мен тіл үйренген орта көп көмектесті", - дейді Өздемирел.
Алғашқыда ол түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістан қаласына барған. Ол жерде өзі секілді Қазақстанның әр қаласынан жиналған жалынды жастармен тәжірибе алмасып, жазғы демалыс кезінде тіл үйренген.
"Түркістанда қазақшаны тез меңгеріп алдым. Одан кейін Астанаға бардым. Университеттер байланысы арқылы бір жыл Еуразия атындағы ұлттық университетте білім алдым. Ол жақта жан-жағымдағылардың бәрі орысша сөйлеп жүрді. Содан мен де қалыспай орыс тілін үйрене бастадым. Қазақстаннан Түркияға қайтқанша орыс тілін бір кісідей-ақ меңгердім", - дейді ол.
Эфкан қазіргі Нұр-Сұлтан қаласын қазақ тілін үйрену үшін ыңғайлы қала деп есептемейді. Сондай-ақ, тілді терең меңгеру үшін республиканың оңтүстік аймағына баруға кеңес береді.
Төл дыбыстар қиын болған
Айтуынша, Ыстамбұлда "Түркітану" мамандығы бойынша студенттер түркі тілдес мемлекеттің тілін екінші тіл ретінде міндетті түрде таңдауы қажет. Өзбек, қырғыз, қазақ тілі арасынан Эфкан қазақ тілін үйренемін деп шешкен.
"Тарихтан екі тілдің бір-біріне жақын екені белгілі. Қазақ тілін үйрене бастаған кезде маған кей әріпті айту қиын болды. Әсіресе, қазақтың ә, қ, ң секілді төл дыбыстарын айта алмаймын, яғни дыбысты шығара алмаймын. Себебі, мұндай әріптер түрік тілінде жоқ", - дейді ол.
Оқи отырыңыз: "Бұл намыссыз қыздың әрекеті": белгілі ақын қазақтың қателігін айтып қапаланды
Эфкан Өздемирел қазақ және түрік тілінің өте ұқсас болуынан кейде шатасып кеткен сәттері болғанын жасырмайды. Қазақша сөйлеп отырмын деп ойлағанымен, өз ана тіліне ауысып кете берген. Осы жағынан да қатты қиналдым, дейді ол.
Түркияда қазақ тілі қажет болды ма?
"Қазақ тілін үйренгеннен кейін қазақтармен бірігіп көп жұмыс істедім. Туризм және сауда жағынан бизнес жасадым десе болады. Ыстамбұлға келетін қазақтарға гид болдым. Қаланы көрсеттім. Ал қазіргі жағдайға байланысты онлайн жұмыс істеп жатырмын. Қазақтарға WhatsApp, Skype арқылы түрік тілін үйретемін. Ол жұмыстан да жақсы табыс тауып жатырмын, себебі түрік тілін, түрік мәдениетін үйренгісі келетін адам көп", - дейді Өздемирел.
Сондай-ақ, ол "Түркітану" бойынша тарихи деректерді іздеген кезде қазақ тіліндегі кітаптарды тауып, еркін оқи алады.
"Келу – gelmek, ішу – içmek, көру – görmek, үйрену – öğrenmek деген мысалдарда екі тілдің дыбысталу жағынан өте ұқсас екенін байқауға болады. Әрине, осылай сөздік қорды байытып, қарапайым тілмен сөйлеп үйрену оңай. Ал маған қиын болғаны – әдеби қазақшаны оқу. Мәселен, Әуезовтің "Абай жолын" оқығанымда бір бетті түсіну үшін жарты сағатым кетті" – дейді ол.
Айтуынша, "Абай жолын" бірінші рет оқыған кезде мәтінді түсіну қиынға соққан. Соған қарамастан қазақ тілінде мәтінді оқу қабілетін жақсарту үшін бір кітабын толық оқып шығады.
"Кітапты екінші рет оқығанымда өзіммен бірге сөздік алып жүрдім. Осылайша, бастапқыда мағынасы түсініксіз болған кейбір сөздерді жаттадым", - дейді ол.
Сондықтан да Эфкан қазақ тілін үйренгісі келетіндерді табанды болуға шақырады. Айтуынша, тілдің бастапқыда қажет болатын бөлігін алты айда үйреніп алуға болады.
"Тіл үйренгісі келетін түріктерге қазақ тілін түсінудің түрік мәдениетіне де пайдасы көп екенін айтып отырамын. Ертеректе жазылған мұрағаттағы құжаттарға қарасақ, екі тілдің бір-бірінен айырмашылығы жоқ сияқты болып көрінеді. Сондықтан теледидардан қазақ тіліндегі хабар қарап, Instagram желісінде қазақ тілінде жазатын кісілерді оқуды ұсынамын", - дейді Эфкан.
Эфкан Өздемирел Instagram парақша ашып, оны қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізеді. Оның қазіргі басты мақсаты – басқа елдің азаматтарына түрік тілін үйрету.