НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Оралда теміржол өткелінде қайғылы оқиға болды – әйелді пойыз басып кетті. Бұл туралы "Мой Город" басылымы хабарлады.
Оқиға Желаев тасжолы аумағында түскі уақытта болған. Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем диспетчеріне қоңырау 22 қыркүйек күні сағат 13.15-те түскенін хабарлады.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем дәрігерлері белгісіз әйелдің мәйітін тауып алған.
Олар марқұмның жасы шамамен 50-де болғанын айтады. Дәрігерлер зардап шегушінің аяқ-қолы кесіліп қалғанын жеткізді.
Оқиғаға көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі де түсініктеме берді. Олар қылмыстық заңнамаға сәйкес пойыз қағу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Қалған ақпарат Қазақстан Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.