Әлем

Омбыда "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылды

"Абай" мәдени-іскерлік үйінің ғимараты қаланың орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Ресейдің Омбы қаласында "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Омбыдағы "Абай" мәдени-іскерлік үйінің ғимараты қаланың орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан.

Оқи отырыңыз: Абайдың 175 жылдығына арналған монеталар қыркүйектен бастап сатылады 

Орталықтың ашылу рәсімі онлайн форматта өтті. Оған ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Омбыдағы консулдығы, "Отандастар қоры" КЕАҚ, "Омбы қазақтары" қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

Орталық нақты төрт бағытта жұмыс істейді. Олар:

  • мәдени-гуманитарлық және қазақ тілін үйрету жобаларын іске асыру;
  • "Атамекен" іскерлік  бағыты бойынша қандастардың екі жақты тиімді бизнес жобаларына қолдау көрсету;
  • "Жас қазақ" бағыты арқылы әлемдегі жас қандастарды елге тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру;
  • "Атажұрт" бағыты арқылы шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың қауымдастығын құрып, өзара ақпараттық ынтымақтастықты арттыру.

"Жыл соңына дейін  "Абай" мәдени-іскерлік үйлері Өзбекстанның Тәшкент, Түркияның Стамбұл, Қырғызстанның Бішкек, Германияның Берлин қалаларында да ашылады. Бұның барлығы - ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және "Отандастар қорының"  бірлескен жобасы", - делінген ресми хабарламада.