Қоғам

Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті 

Екі күндік іс-шара жол апатының алдын алуға және азайтуға бағытталған, дейді полицейлер
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Алматы полициясы күшейтілген қызмет атқаруға кірісті. 22-24 қыркүйек күндері "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу шарасы өткізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиевтің айтуынша, екі күндік іс-шара жол апатының алдын алуға және азайтуға бағытталған. Негізгі мақсат - алдын-алу жұмыстарын күшейту және жол қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

"Жедел алдын алу шарасы кезінде жеке құрам күшейтілген режимде қызмет етеді. Сондай-ақ, "Қауіпсіз жол" науқаны аясында жолаушылар мен жүктерді автокөліктермен тасымалдауды жүзеге асыруда жол қауіпсіздігін бақылауға ерекше назар аударылатын болады", - дейді Мұратәлиев.

Оның сөзіне қарағанда, жауынгерлік қызметтің жеке құрамына нақты міндеттер жүктелген. Олар - жол жүру ережелерін бұзу фактілерін анықтау және ондай әрекеттердің жолын кесу, жол ережелерін ескермейтін жүргізушілерді анықтау, өрескел бұзушылықтардан бастап мас күйінде көлік жүргізу, қарама-қарсы бағыттағы қозғалысқа шығу, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбау, рөлде отырған кезде ұялы телефонмен сөйлесу, мемлекеттік нөмірсіз көлікпен жүру, апаттың айқын белгілері бар автокөліктерді анықтау және тағы басқа тәртіп бұзушылықтар.

"Бұдан бөлек, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Негізі, жол апатына тек жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де кінәлі болып жатады. Сондықтан мен жол қозғалысының барлық қатысушыларына айтарым, көшелерді қатаң белгіленген жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы және тек жасыл бағдаршам жанған кезде ғана өтіңіздер. Ал көлік жүргізушілері өте мұқият болуы қажет", - деп атап көрсетті Мұратәлиев.