Қоғам

Алматы облысында 95 жастағы қария өзінің соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай жүр

Жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары Тоқманбетов туралы толық ақпарат алу үшін Ресейдің қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына сұрау салған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында 95 жастағы қария әлі күнге соғыс ардагері мәртебесін ала алмай жүр. Фашистерге қарсы соғыс кезінде "резервте болдым" деген Әбдібай Тоқманбетов, артынша жапон соғысына аттанып, елге тек 1948 жылы оралған. Бірақ оған тек тыл ардегері деген мәртебе берілген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан оның жапон соғысына қатысқанын растайтын құжаты да табылған екен. Алайда, іс содан әріге жылжымай тұр.

Шөбереге ертегідей естілген ата әңгімесі Әбдібай ақсақалдың көңілінде әлі сайрап жатыр. От ортасынан оралғанына жетпіс жылдан асқанмен, жанкешті күндер көрінісі жанарындағы жаспен әлі күнге сырғиды.

"Жапонияға бардым. Сол Жапонияда 7-8 жыл соғысып, аман-есен оралдым ауылға. 42-жылдан 48-ші жылға дейін", – дейді ардагер Әбдібай Тоқманбетов.

Ақсақалдың айтуынша, ол Екінші дүниежүзілік соғыста резервте болып, артынша жапон майданына аттанады. Бірақ елге оралғанда Тоқманбетовке тек тыл ардагері деген мәртебе берілген. Қарияның өзі оны дауламай жүре берген. Тек артындағы ұрпағы, атаның еңбегі еленуі керек деген пікірде. Сөйтіп сұрау салып жүріп, бертінде Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан Әбдібай ақсақалдың соғысқанын растайтын құжат та алдырыпты.

"1943 жылы Владивостокта болады. Содан 1948-жылы әскери қызметін бітіріп бері қайтады. Сонда менің бір түсінбейтін нәрсем, бұл кісі қазір "тыл еңбеккері" дейді. Бұл кісі екі жақта жүре ме", – дейді ақсақалдың ұлы Ерік Тоқманбетов.

Ал Тоқманбетовтің туысы Рыскелді Жақаубаев та осындай пікірді ұстанады.

Масақ ауылындағы ақсақал үйінде "Соғыс ардагері" деген балалары орнатқан тақтайша тұр. 9 мамырда көңілін кірбің басатыны олардың да жанына батады.

Мәселенің мәнісіне қатысты сұрақ қойылғанда Еңбекшіқазақ ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі бөліміндегілер сұхбат беруден бас тартқан.

Бар айтқаны Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағат Тоқманбетов туралы толық ақпарат алу үшін Ресейдің қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына сұрау салған. Бұл жақ соның жауабын күтіп отыр. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары жауаты осылайша ауызша қысқа қайырған.

Оқи отырыңыз: Ұлы отан соғысы жылдары Қазақстанның қай өңірі бомбаланды

Демек, Ресейдің орталық мұрағатынан ресми жауап күтуден басқа амал жоқ. Әбдібай ақсақал бұл жауапты селқос, салқын қабылдады. Соғыстың бейнетін көріп, отынан өткенмен, 95 жасына дейін бір тілім жапырақ қағаздың кесірінен тиісті мәртебесін ала алмай келеді. Оның ұрпағы жергілікті мекемеден қайыр болмаса, онда арашаны Қорғаныс министрлігінен сұрамақ.