Мәдениет

Пандемия кезіндегі театр: "Астана Операда" алғашқы концерт өтті

"Астана Опера" театрындағы концертке 50 көрермен қатысты. Олардың арасында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. "Астана Опера" театры өзінің VIII маусымын "Опералық классиканың парақтары" гала-концертімен ашты.

"Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, концертке небары 50 көрермен, соның ішінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раймқұлова қатысты", – деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Кезекті маусым шымылдығын театр дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев ашты.

Концерт бағдарламасына әйгілі "Абай", "Дон Карлос", "Кармен", "Тоска", "Мадам Баттерфляй", "Севильский цирюльник" операларынан ариялар мен қойылымдар енген.

Оған театрдың барлық солисі, хор артистері, оркестр және миманс музыканттары қатысты.

"Барлығы жұмысты сағынып қалғандықтан, оған ерекше ынта-ықыласпен кірісіп кетті. Біз өнерімізді әрбір көрерменнің жүрегіне жеткізгіміз келеді. Мәселен, Абайдың 175 жылдығына орай, бағдарламаға Жұбанов пен Хамидидің "Абай" операсынан көріністер енгізілді", – деді өз ойымен бөліскен Бөрібаев.

Театрда не өзгерді?

Санитарлық талаптарға сәйкес, фойеде санитайзерлер қойылды. Ал залдағы орындықтар шахматтық тәртіппен орналасқан. Көрермендер қойылымның соңына дейін бетперде киіп отыруы тиіс.

"Оркестр музыканттарын отырғызу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Яғни, санитарлық талаптар бойынша, аспапта ойнаушылар бір-бірінен бір жарым метр қашықтықта отыруы тиіс. Әрине, мұндай арақашықтықта мінсіз музыканттар ансамблін құру қиын, десек те, оркестр артистері өздерін бұл жағдайдан тамаша алып шықты", – делінген театр хабарламасында.

Жаңа формат: көрермен көзімен

Көрермендер театр қойылымдарын сағынып қалған екен. Сондықтан, жаңа форматқа қатысты жылы лебіздерімен бөлісті. 

"Театрларға аз көрерменге арналған қойылымдар қоюға рұқсат етілгенін білген кезде, бірден билет сатып алдық. Біз классикалық өнерге, театрға, артистердің өнеріне сусап қалыппыз", – дейді көрермен Аида Махпирова.

Оның айтуынша, жұмыстағы ұзақ үзіліске қарамастан, барлық солист пен хор артистері концертке тамаша вокалдық дайындықпен келген.

"Бүгін оркестрдің үні керемет естілді, әлемдік опера жауһарларының Алан Бөрібаев дайындаған тамаша интерпретациясын тыңдау бізге сөзсіз, рухани ләззат сыйлады", - дейді ол.

Бір атап өтерлігі, театрдың қыркүйектегі афишасына Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған "Күміс ғасыр балеттері" мен "Шехеразада" қойылымдары енген екен.

Театр және пандемия

Наурыз айында, Қазақстанда коронавирус инфекциясы алғаш тіркелген кезде, театрлар негізгі қызметін тоқтатқан болатын. Алайда, артистер өз өнерлерін көрермен назарына онлайн-форматта паш етті. Осы ретте, "Астана Опера" театры 20-дан астам қойылымды әзірледі. Олардың ішінде елорда күні өз көрерменіне жол тартқан "Абай" операсы да бар.

Жеңіс күнінде үш танымал баритон әнші "Тырналар" халықаралық онлайн-жобасына қатысты. Танымал композицияны "Астана Операның" солисі Талғат Мұсабаев, Ресейдің Үлкен театрынан шақырылған солист Василий Ладюк және Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет тетрының солисі Расул Жармағамбетов шырқады. 

Композиция "Астана Опера" театрының бас концертмейстері Елена Сахноның, сондай-ақ, симфониялық оркестрдің музыканттары мен "Астана Опера" хоры әртістерінің сүйемелдеуімен орындалды.