НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі құс тұмауының қалай тарағанын анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-министр Гүлмира Исаеваның айтуынша, эпизоотикалық тексеріс кезінде вирустың жабайы құстар арқылы таралғаны анықталды. Қазіргі кезде осы құстар солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударып жатыр. Олар су ішкен қоймаларда үй құстары да жүрген.
"Вирус ортақ су қоймалары тараған. Ол жерде жергілікті үй құстары да жүріп, құс тұмауын жұқтырған", - деді Исаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, құс тұмауы анықталғаннан кейін оған қарсы вакцина беріле бастады. Республикалық резервтен 1,4 миллион екпе таратылды, ол 4,7 миллион құсты вакцинациялауға жеткілікті.
"Ертең қосымша 1 миллион доза жеткізіледі. Осы вакцинамен 3,5 миллион құсты егіп шығуға мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті Исаева.
Бірнеше облыста шектеу шаралары енгізілді
Бүгін ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше облыста құс тұмауының анықталғанын мәлімдеді. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда 23 ауылда қауіпті вирус тіркелді. Осыған байланысты 17 қыркүйектен бастап 7 ауданда құс өнімдерін шығаруға шектеу енгізілді. Олар:
- Тимирязев ауданы;
- Жамбыл ауданы;
- Қызылжар ауданы;
- Тайынша ауданы;
- Шал ақын ауданы;
- Ғабит Мүсірепов ауданы;
- Мағжан Жұмабаев ауданы.
Ал Айыртау ауданы бойынша Қарақамыс ауылында шектеулер енгізілді. Бұдан бөлек, Ақмола облысында Шойындыкөл ауылы, Павлодар облысында Еңбекші, Ақтау және Трофимовка ауылдары, Қостанай облысында Сокол, Маяк және Красная Пресня ауылдары құс өнімдерін шығара алмайды.
"Сондай-ақ, қазіргі кезде Қарағанды облысының Нұра ауданында құстың қырылуынан қатысты зертханалық жұмыстар атқарылып жатыр", - дейді Исаева.
Санитар дәрігерлердің айтуынша, құс тұмауының адамға жұғу жағдайлары сирек кездеседі. Вирус адамнан адамға тарамайды.