Мәдениет

"Дәрігерлерге алғыс айтамыз": "Астана Балет" он қайырымдылық концертін өткізеді

Алғашқы қайырымдылық концерті 3 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылады. Театр концертке келушілер үшін барлық санитарлық нормаға сәйкес келетін арнайы "келу алгоритмін" әзірлеген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. "Астана Балет" театры Нұр-Сұлтан мен басқа өңірлердің дәрігерлері үшін он қайырымдылық концертін өткізеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

"Біз бірнеше ай бойы бар күшін-жігерін адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу жолында жұмсап, еңбектің ерен үлгісін көрсетіп келе жатқан ақ халатты абзал жандарға шынайы ризашылығымызды білдіргіміз келеді", – деді театр директоры Александр Совостьянов.

"Дәрігерлерге алғыс айтамыз": "Астана Балет" он қайырымдылық концертін өткізеді

Он қайырымдылық концерті Қазақстанның бірнеше қаласында өтеді, олардың алғашқысы 3 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылады. Гастрольдік кесте өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейінірек белгілі болады.

Гастрольдік сапар мәдениет және спорт, сондай-ақ, денсаулық сақтау министрліктерінің қолдауымен ұйымдастырылады.

"Біз концертке көрерменді шақыру арқылы өзімізге жүктелетін жауапкершілікті толықтай сезініп отырмыз, сондықтан, бұған жан-жақты дайындықпен келдік. Театр көрермендер үшін барлық санитарлық нормаға сәйкес келетін арнайы "келу алгоритмін" әзірледі", – деп атап өтті Совостьянов.

Қайырымдылық концерттердің бағдарламасына театрдың "визит карточкасына" айналған айрықша қойылымдар енеді. Солардың бірі – "Ұлы дала мұрасы" дивертисменті. Онда артистер қазақ ұлттық биінің өзгеше мәнерін, иірімі мен ырғағын жан-жақты ашып көрсетеді.

"Өнер адамның рухын көтереді, жан тыныштығын сыйлайды. Біз осы орайда, айрықша қойылымдарды әзірледік, олар көрерменге жеңіл және мерекелік көңіл-күй сыйлайды", - деді театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

"Дәрігерлерге алғыс айтамыз": "Астана Балет" он қайырымдылық концертін өткізеді

Сондай-ақ, ол артистердің концерттің басты қонағы – дәрігерлерге қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіргісі келетінін жеткізгісі келеді.

"Артистер көрерменмен кездесетін күнді ерекше толғаныспен тағатсыздана күтіп жүр. Себебі, осы уақытқа дейін оларға сахна, көрерменнің қошеметі жетіспегені анық, ал кері байланыс оларды қанаттандырады әрі шабыттандырады", - деді  Авахри.

Қазан айында "Астана Балет" көпшілік назарына спектакльдер мен бірнеше премьера ұсынады, олардың ішінде қазақстандық балетмейстер Анвара Садықованың "Желтораңғы туралы аңыз" атты премьерасы бар.