Өңірлер

Облыс әкімінің орынбасары ұсталды – агенттік түсініктеме берді

Бұған дейін Атырау облысының БАҚ беттерінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың ұсталғаны туралы хабарланды
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров Атырау облысында жоғары лауазымды шенеуніктің ұсталуына байланысты түсініктеме берді.

Атырау облысы әкімінің орынбасары аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

"Күдіктіге қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды", - деп хабарлады Биғайдаров.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысының БАҚ беттерінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың ұсталғаны туралы хабарланды.

"Ақ Жайық" басылымының хабарлауынша, 10 қыркүйекте Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров 182 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.

БАҚ-тың мәліметінше, шенеуніктерді елордадан Атырауға арнайы барған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бір топ қызметкері ұстаған.