Қоғам

Кавасаки синдромына ұқсас: министрлік балалардың жағдайы туралы айтты

24 тамызда өткен онлайн брифингте денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі балалар Кавасаки синдромына жаппай шалдығып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарған еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда Кавасаки синдромына ұқсас дертке шалдыққан 35 баланың 31-і емделіп шықты. Төртеуі ем қабылдап жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Кавасаки синдромынан ұқсас дертпен ауырған балалардың саны қазір Қазақстан бойынша – 35. Соңғы жеті күннің ішінде бірде бір баладан Кавасаки синдромы анықталған жоқ. Бүгінде 35 баланың 31-і емделіп шығып, үйіне қайтты. Қалған төрт бала емделіп жатыр", - деді Қожахметов онлайн брифингте.

Ол аурудан айыққан 31 баланың жағдайын учаскелік дәрігерлер күнделікті бақылап отырғанын атап өтті.

24 тамызда өткен онлайн брифингте денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет балалар Кавасаки синдромына жаппай шалдығып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарған еді.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 2,5 мың бала коронавируспен ауырып шықты. Олардың ішінде тек 16 балада мультижүйелі асқыну синдромы анықталды. Соның белгілері Кавасаки синдромына ұқсайды.