НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аягөз қаласының әкіміне қатысты тергеудің басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алу шарты бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден пара алды деген күдікпен Аягөз қаласының әкімін ұстады.
"Ол 1,2 миллион теңге сомасында пара алғаны үшін айыпталып отыр. Күдікті Қылмыстық процессуалды кодекстің 128-бабында көрсетілген тәртіпке сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді тергеуші Биғайдаров астанадағы онлайн брифингте.
Агенттік әкімді ұстау операциясының видеосын да жариялады. Онда шенеуніктің өз кабинетінде ұсталғанын көруге болады. Ал үстелдің үстінде жатқан қағаздардың арасынан бір бума ақша шыққан.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық ведомствосының басшысы тергеуге алынды. Ол жалпы қамқорлығы және кәсіпкерге мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасуға жәрдем көрсеткені үшін келісілген 7 миллион теңгенің 2,5 миллион теңгесін алу кезінде ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып отыр.