Қоғам

Tengri Bank салымшыларының ақшасы қалай қайтарылады?

Агенттік жеке тұлғаларға тиесілі салымдардың 99 проценті кепілдік қорынан толығымен өтелетінін мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Tengri Bank" АҚ салымшыларына арналған ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Tengri Bank-тің лицензиядан айырылуына байланысты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер, төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен қорғалатынын еске салады", – делінген ресми хабарламада.

Кепілдік беру қорының өтемақысы ұлттық валютада төленеді. Ал шетел валютасындағы депозиттер банктің лицензиядан айырылған күнгі нарықтық бағаммен есептеледі. Салымның мөлшері нақты сомадан аспауы тиіс.

• теңгедегі жинақ салымдары (депозиттер) бойынша 15 миллион теңге;

• ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 миллион теңге;

• шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңге;

"Салымшыда бірнеше кепілдік берілген депозиттер болған жағдайда 15 миллион теңгеге дейін жиынтық кепілдік берілген өтемақы төленеді", – дейді мамандар.

Ал кепілдік берілетін өтемақы сомасынан асатын қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейтін болады. Комиссия мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тағайындалады. Осы орайда, агенттік жеке тұлғаларға тиесілі салымдардың 99 проценті кепілдік қорынан толығымен  өтелетінін жеткізді.

Қаражатты қайтару қашан басталады?

Tengri Bank-тің клиенттеріне өтемақы төлеу басқа банктерде ашылған банктік шоттарға есептеу жолымен немесе агент-банк арқылы қолма-қол ақшаны алу жолымен 2020 жылғы қазанның бірінші жартысында басталады деген жоспар бар.

Барлық мәселе бойынша Tengri Bank-тің уақытша әкімшілігіне мына телефон бойынша жүгінуге болады: +7 (727) 244-34-34; 3434

Оқи отырыңыз: 2021 жылы салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға пайдалана алады

Айта кетейік, "Tengri Bank" АҚ банк операциялары мен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айырылған болатын. Агенттік нақты себептерін де атап өтті. Олар:

  • Ұлттық банктің 2017 жылғы 13 қыркүйектегі №170 қаулысымен белгіленген пруденциялық нормативтері мен Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;
  • Агенттік қолданған қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
  • Банктің меншікті капиталын ұлғайту мақсатында қосымша капиталдандыру жөнінде шаралар қабылдау туралы агенттік талаптарын банк холдингінің орындамауы сияқты заңбұзушылықтар анықталған.