Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда ауру өршіп тұр: Петропавлда құс қырылып жатыр

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауыл тұрғындарына келген шығынның орны толтырылады. Тәркіленген немесе көзі жойылған құстардың құны арнайы комиссияның шешімімен жынысы мен жасына, түрлеріне қарай орташа нарықтық бағаға сәйкес есептеледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауына байланысты жеті ауданның он ауылы карантинге жабылды. Онда тек үй құстары ғана емес, жабайы құстар да өліп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Петропавлда өлген қарға, көгершін, торғайларды қала саябақтары мен көшелерінен кездестіруге болады. Сонымен қатар, ауырған құстар жетіп артылады.

Солтүстік Қазақстанда ауру өршіп тұр: Петропавлда құс қырылып жатыр

"Міне, мына көгершіннің жағдайына қараңызшы, өлуге айналған. Ана жердегі қарғаның түрі де аянышты, қатты әлсіреген. Ал мұндай құстарды әр қадам аттаған сайын қала көшелері мен ескі саябақтан көруге болады", - деді қала тазалығына жауап беретін коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің өкілі Андрей Ивлев.

Ол күн сайын көшені ондаған өлген құстан тазалауға мәжбүр болып отырғанын айтады.

Солтүстік Қазақстанда ауру өршіп тұр: Петропавлда құс қырылып жатыр
"Бүгінге дейін қаланы қанша өлген құстан тазалағанымызды есептеген жоқпын. Мыңның айналасында болар. Жалпы бұл жағдай, жаз мезгілінде басталған. Тек ол кезде бірен-саран құсты ғана кездестіретін едік. Қазір қадам басқан сайын сілейіп жатқан қарға мен көгершінді көретін болдық", – дейді ол.

Жергілікті тұрғындар да қала көшелерінен көліктермен жаншылған көгершіндерді жиі байқайды екен. Құстар ештеңеге мән бермейтін болды, тіпті көлік жақын келген күннің өзінде де ұшып кетпей, жол үстінде сүлесоқ отыра беретінін байқап жүрміз, дейді жүргізушілер.

"Менің басымнан бүгін қызық бір жағдай өтті. Көлігіммен келе жатып жол үстінен бір топ көгершінді көрдім, сигнал беремін, бірақ олар ұшып кетпей тапжылмастан отыра берді. Шынымды айтсам, денем тітіркеніп кетті", – дейді Петропавл тұрғыны Ербол.
Солтүстік Қазақстанда ауру өршіп тұр: Петропавлда құс қырылып жатыр

Тұрғындарды алаңдатқан жәйтке Sputnik Қазақстан тілшісі де көз жеткізді. Ол қала көшелерін аралаған бір сағаттың ішінде 20 шақты өлген құсты кездестірген. Тіпті, коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің өкілдері орталық көшелерді уақытылы тазалап отырған күннің өзінде, өлген, ауырған құстан көз сүрінеді.

Солтүстік Қазақстанда ауру өршіп тұр: Петропавлда құс қырылып жатыр

Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының күрт өршуіне байланысты, жеті ауданға қарасты он ауыл – Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын және Ғабит Мүсіреп пен Мағжан Жұмабаев атындағы ауылдар карантинге жабылды.

Карантин талабына сәйкес, адамдар мен көліктердің қозғалысына қатаң шектеу қойылған. Карантин аймағына жататын құс шауашылығындағы құс етін, жемін, оған қатысты басқа да өнімдер мен құрылғыларды сыртқа шығаруға тыйым салынады. Сондай-ақ, аурудың таралу көзіне айналған құстарды жою, өртеу бойынша тиісті шаралар жүргізіледі.

Жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғындарына келген шығынның орны толтырылатынын айтып уәде берді. Тәркіленген және көзі жойылған құстардың жалпы құны арнайы комиссияның шешімі бойынша, құстардың жынысы мен жасына, түрлеріне қарай орташа нарықтық бағаға сәйкес есептеледі.

Сау құстарға вакцина жүргізіліп, ветеринар мамандардың бақылауында болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда құс тұмауы өршіді – адамдар ауруды жұқтыруы мүмкін бе?

Ресми мәліметтер бойынша, бүгінде бұл аймақта жеті мың құс қырылған және бұл көрсеткіш одан әрі өсіп келеді. Бірақ ауыл тұрғындары бүгінге дейін шамамен 10 мың құстың өлгенін, тіпті қырылған қаз, тауық, үйректерді өртеп үлгере алмай жатқанын айтады.