Қоғам

Қазақстанда құс тұмауына байланысты он ауыл карантинге жабылды

Карантин аймағына кіретін жерде дезинфекциялық тосқауылдар орнатылады. Карантинге жабылған ауылдарда тұрғындар мен автокөлік қозғалысы шектеледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауына байланысты жеті ауданда он ауыл карантинге жабылып жатыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ибраев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Зертханалық зерттеулердің нәтижесі негізінде облыста жеті ауданның он елді мекенінде – Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев аудандарында карантин режимі енгізіледі. Облыс әкімінің атына тиісті ұсыным әзірленді", - деді ол.

Карантин шарттары бойынша адамдардың жүріп-тұруы мен автокөлік қозғалысы барынша шектеледі.

Көліктердің доңғалақтарын зарарсыздандыру үшін карантин аумағына кіретін және шығатын тұста дезинфекциялық тосқауылдар орнатылады. Тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдары мен қызметтері, ішкі істер органдары, медициналық және ветеринарлық қызмет көліктері ветеринарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, еш кедергісіз қозғалады.

"Құстар мен құс шаруашылығы өнімдерін, мамықты, қауырсындарды, жемді, құс шаруашылығында пайдаланылатын жабдықтарды карантин аумағынан шығаруға тыйым салынады. Ауру құстарды алу және жою шаралары жүргізіледі. Олар өртеледі", - деп атап өтті Ибраев.

Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың мамандары құстарды алған кезде, құстың түрі, жыныстық-жастық тобы көрсетілетін құжат толтырылады.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда құс тұмауы өршіді – адамдар ауруды жұқтыруы мүмкін бе?

"Бұл құжат тәркіленген құстардың құнын өтеуге негіз болады. Өртелген құстар үшін арнайы комиссияның шешімімен, олардың түрі мен жыныстық-жастық тобына қарай нарықтағы орташа бағаға сәйкес өтемақы төленеді", - деді ветеринарлық инспекцияның басшысы.

Сау құстарға вакцина егіліп, олар ветеринарлық мамандардың бақылауында болады.

"Карантин аумағының айналасына эпизоотияға қарсы шаралар кешенін жүргізу үшін үш аймақ орналастырылады. Карантин аурудың соңғы жағдайы тіркелгеннен кейін 21 күн өткен соң алынып тасталады", - деп түйіндеді сөзін Ибраев.

Брифингте Солтүстік Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов өңірде жеті мың құс қырылғанын, бұл цифр әлі де өсіп жатқанын мәлімдеді.

"Республикалық запастан 870 мың доза вакцина бөлінді. Екпе Ресеймен шекаралас ауылдар мен аурудың таралу ошақтарындағы құстардың барлығына салынады", - деді Әлжанов.

Десе де, ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде қырылған құстардың саны ондаған мыңға жеткенін жазуда. Өлген құстарды, тіпті, өртеп үлгермей жатқан көрінеді.

Бұған қоса, жабайы құстар да қырылуда. Петропавлда қалалық саябақ пен көшелерден көгершіндер, торғайлар мен шымшықтар, қарғалардың өлексесін кездестіруге болады.