Саясат

Тоқаев Жапонияның премьер-министріне жеделхат жолдады

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қалыптасқан стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында Ёсихида Суганы Қазақстанға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Жапонияның жаңа сайланған премьер-министрі Ёсихида Сугаға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Жеделхатта жаңа үкімет басшысының ел дамуына және жапон халқының берекесін баянды етуге, Жапонияның әлемдік қауымдастықтағы беделін одан әрі арттыруға бағытталған игі істері мен бастамаларының табысты болуына тілектестік білдірген.

"Қазақстан мен Жапония арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген мазмұнды саяси диалогымызды, әртүрлі саладағы жемісті ынтымақтастығымызды өрістете түсу үшін сізбен күш-жігер жұмылдыруға дайын екеніме сендіремін", – деп жазылған жеделхатта. 

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қалыптасқан стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында, Жапонияның премьер-министрі Ёсихида Суганы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ёсихида Сугаға аса жауапты қызметте сәттілік, жапон халқына құт-береке тіледі.