Қоғам

"Қорғас ісі" бойынша 390 миллион теңге Швейцариядан Қазақстанға қайтарылды

Бүгінге дейін "Қорғас ісі" бойынша Швейцариядан мемлекет бюджетіне жалпы соммасы 530 миллион теңге қайтарылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 17 қыркүйек – Sputnik. Қазақтандық прокурорлар сегіз жылдан бері халықаралық іздеуге жүрген Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі Швейцария банкіндегі 390 миллион теңгеден астам қаржыны қайтарды, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.

"2020 жылдың 14 қыркүйегінде Швейцарияның Федералдық билігі "Қорғас ісі" бойынша ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық мүшелері жымқырып, шетелге шығарған 390 миллион теңгеден астам қаражатты Қазақстанға қайтарды. Бұл қаражат 2012 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қылмыстық ұйымдасқан топтың белсенді мүшелерінің бірі Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі. Қаражат  Швейцария банкіндегі шетелдік компанияның шотында болған", - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Швейцариядан Әбдіралиевтің қылмыстық активтерін қайтару бойынша жұмыс 2018 жылдан бері жүргізілген.

Оқи отырыңыз: Ағайынды Рысқалиевтер мүлкі қайтарылды – бас прокуратура түсініктемесі

Бұған дейін 2019 жылы осы іс бойынша мемлекет кірісіне Швейцариядан 140 миллион теңге қайтарылған болатын. Осылайша, "Қорғас ісі" бойынша Швейцариядан мемлекеттік бюджетке жалпы соммасы 530 миллион теңге қайтарылды.

"Қорғас ісі"

2011 жылы кеденшілердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені анықталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ "Қорғас" кеден бекетінде контрабандамен айналысқан.

Осы іске байланысты 45 адам сот алдында жауап берді. Оның ішінде жоғары лауазымды шенеуніктер, бизнесмендер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Сотталушылардың басым бөлігі қамауға алынды.