НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек, Sputnik. Қостанай аудандық ауруханасында емделген 82 жастағы Римма Дорофеева "Наша газета" басылымының редакциясына хат жіберді. Онда зейнеткер дәрігерлерге өзінің шынайы ризашылығын білдірген.
Римма Дорофеева коронавирустық инфекциямен 10 шілдеден бастап ауырған. "Дәріханалардан қажетті дәрілерді таба алмағандықтан, үйде төсек тартып жата бердім. Бірақ, қатты қиналдым" дейді ол. Тек бір жарым аптадан кейін ол ауыр хәлде аурухана жеткізіледі.
"Түнде үйден жедел жәрдем алып кетті. Ол кезде дене қызуым 39,6 градусқа дейін көтеріліп кеткен еді. Ауруханаға жеткізілген кезде өкпемнің 70%-і қабынғанын білдім. Алайда, медициналық қызметкерлер маған ерекше көңіл бөліп, бірден қарқынды емдеу шараларын бастап кетті. Маған ғана емес, басқа да сырқаттарға айрықша көңіл бөлді. Күнде таңертең дәрігерлер емделушілерге дем беріп, "Бәрі жақсы болады!" деген тілектерін айтып жүрді", - дейді ол.
Римма Дорофеева өзінің емдеуші дәрігері, бөлім меңгерушісі Артем Тисленконы "өте мейірімді әрі жанашыр дәрігер" ретінде бағалап, оған айрықша ризашылығын білдірді.
"Бізге медбикелер, санитарлар айрықша күтіммен қарап, қолдан келгеннің бәрін жасады. Дер кезінде Мәскеуден оттегі концентраторларын алып, дәрігерлер де келді. Осындай бір құрылғы үш күн бойы менің тыныс алуымды жеңілдетті", - деп жазады зейнеткер өзінің хатында.
Қария өзінің ауруханадан емделіп шыққанына қуанышты. Себебі, оны үйде күтіп отырған 101 жастағы кейуана анасы бар.