Әлем

Ресей шетелдіктердің елге кіру ережесін өзгертті

Ресей азаматымен туыс болып келетін шетел азаматтары енді визаны оңайлатылған тәртіпте рәсімдей алады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Ресей үкіметі шетел азаматтарының елге кіру тәртібін жеңілдетті. Бұл туралы Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Енді қазақстандықтар Ресеймен шекарада басқа құжат көрсетеді 

Ресей азаматымен жақын туыстығы бар шетелдіктер, премьер-министрдің айтуынша, визаны жеңілдетілген тәртіпте рәсімдей алады.

Ондай туыстарға ата-ана, бала, жұбайлар, аға-іні, әпке-сіңлі, ата, әже, немере жатады.  

"Мұндай туыстар бір жылға дейінгі ұзақ мерзімді жеке визаларды рәсімдей алады және мұны біздің азаматтың жай ғана жазбаша өтініші негізінде жасауға болады", - деп РИА Новости Михаил Мишустиннің сөзінен үзінді келтіреді.

Енді шетелдіктерге виза алу құқығын сақтау үшін әр үш ай сайын Ресейден шығудың қажеті жоқ. Бұл норма Ресей заңнамасынан да алынып тасталды.