АЛМАТЫ, 16 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысында өрт шыққан үйден жеті жастағы баланың денесі табылды, баланың 61 жастағы әжесі ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады өңірлік "Алау" басылымы.
Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 қыркүйек таңғы 7:05-те өрт сөндіру бекетіне Бейімбет Майлин ауданы Береговой ауылында Молодежная көшесінде орналасқан екі бөлмелі үйдің жанып жатқаны туралы хабар түскен.
Шақыру орнына өрт сөндірушілер 7:06-да жіберілген. Қосымша көмек ретінде 7:07-де Рудный қаласының өрт сөндірушілері де аттанды.
"Өрт сөндірушілер оқиға орнына 07:43-те барды. Олар бір пәтердің толық өртенгенін, жалын екінші пәтердің шатырын қамтығанын анықтады. Газ-түтіннен қорғау қызметі барлау жүргізіп, пәтер ішінен 2013 жылы туған баланың мәйітін тапты. 1959 жылы туған әйел күйік жарақатымен Рудный қаласының ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалауда", – делінген ақпаратта.
Қазіргі кезде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Өрт сағат 08:17-де ауыздықталып, сағат 09:50-де сөндірілді.
Өрт аумағы 100 шаршы метрді құрады.
Оқи отырыңыз: Өрт шыққан жерге жылдам жетеді: Алматыдағы мотоцикл экипажы өз жұмысы туралы айтты
Айта кетейік, 2020 жылдың басынан 10 қыркүйекке дейін Қазақстанда төтенше жағдай салдарынан 246 адам ажал құшты. Осы аралықта 8 900 төтенше жағдай тіркелген, оның 8 100-і – өрт.