НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. NBC телеарнасындағы әйгілі America's Got Talent шоуының 15-маусымының қазақстандық қатысушы 14 жастағы Данэлия Төлешова тікелей эфирде өткен жартылай финалда жанды дауыста өнер көрсетті, деп мәлімдеді жас әншінің PR-директоры Татьяна Синенко.
"Қазір қуаныштан қатты толқып тұрмын. Өйткені, қарсыластарым да осал емес. Дегенмен, мен финалға шыққым келеді. Бұл турда біз бірнеше туындыларды қарастырдық, бірақ Who you are әнін таңдадық. Әннің аранжировкасын арнайы ерекше етіп жасалды. Көрермендер мен қазылар алқасына ұнады деген сенімдемін", – деді Төлешова.
Қазылар алқасының бірі, актер Хоуи Мэнделл Данэлияға дауыс беруді нақты шешім деп санайтынын жеткізді.
"Менің ойымша, көрермендердің дауысы сенің үздік бестікке енуіңді қамтамасыз етуі тиіс. Өзімді таланттар шоуында қазылық етіп емес, тура бір сенің концертіңде отырғандай сезіндім. Ән орындау шеберлігің мен сахнадағы тұрысың, өзіңді көрсетуің, бәрі-бәрі тамаша әрі өз орнында болды. Сен қазірдің өзінде жұлдызсың. Енді қалған іс америкалықтарға байланысты. Сіздер оны финалға шығару керексіздер", – деді Мэнделл көрермендерге қарата.
Айта кетейік, финалистер өткен турдағыдай көрермендердің бір күн ішінде NBC сайтында дауыс беру нәтижелері бойынша анықталады. Сонымен қатар қатысушылар қазылар алқасынан қосымша ұпай алады.
Ал ертең шоудың финалына кім шығатыны белгілі болады.
Оқи отырыңыз: Данэлия Төлешова America"s Got Talent шоуының жартылай финалына өтті