АЛМАТЫ, 15 қыркүйек — Sputnik. Алматы облысының Қарасай аудандық сотында екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған блок бекеттегі жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы басталды. Істі судья Мәди Көшікбаев жүргізді, деп хабарлады Sputnik Казахстан тілшісі сот залынан.
Полицияның бұрынғы қызметкері Азат Азаматовқа Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша айып тағылды.
Сотқа мемлекеттік айыптаушы, қайтыс болған полиция қызметкерлерінің жақын туыстары, Азат Азаматов және оның заңды адвокаты қатысып жатыр. Жәбірленуші Ербұлан Сейдазым – жол апатында зардап шеккен үшінші азамат сот отырысына келген жоқ.
"25 мамырда таңғы сағат 5.20-да мас күйінде BMW автокөлігін тізгіндеген Азат Азаматов жылдамдықты асырған күйі блок бекет пен полиция қызметкерлерінің көлігіне соғылған. Салдарынан екі полиция өкілі оқиға орнында мерт болды, үшінші азаматқа бетонның ұшып кеткен бөлігі тиіп, ауыр жарақат алды", - деді прокурор.
Сот отырысы барысында айыптау актісін тыңдаған қайтыс болған азаматтардың туыстары көз жасын тыя алмады.
"Құрметті сот, мен өзімнің кінәмді мойындаймын және ол үшін өкінемін", - деп мәлімдеді Азат Азаматов.
Сондай-ақ, айыпталушы жол апаты кезінде ұйықтап қалғанын және есінде ештеңе қалмағанын айтты. Оның сөзінше, 24 мамыр күні оны Көксай кентіне кездесуге шақырған, сол жерде көлікте отырып сыра ішкен.
"Жол полициясында жұмыс істейтін үш әріптесіммен сыра іштім. Олар – менің бұрынғы әріптестерім. Менің есімде басқа ештеңе жоқ, есімді жисам, ауруханада жатырмын. Менің жол апатына кінәлі екенімді айтты. Оқиғаның қалай болғанын білмеймін", - деді Азаматов.
Ол кентке 24 мамыр күні шамамен сағат 23.00-де шыққанын айтты.
"Бұрынғы әріптестерім сыра ішуге шақырды. Машина ішінде отырып іштік, сыраның екі немесе үш бөтелкесін іштім. Одан кейін есімді жоғалттым, ештеңе есімде жоқ", - деді Азаматов.
Сонымен қатар, ол жол апаты болған сәтте өзінің полиция қызметкері болмағанын жеткізді.
"Жұмыстан шығу туралы өтінішті 20 мамырда жаздым. 21 мамырдан бастап полиция қызметкері емеспін. Полицияда 2014 жылдан бастап еңбек еттім. Осы мерзімде маған тек бір ғана тәртіптік жаза қолданылды", - деп мәлімдеді сотталушы.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Шолпан Нұрахметова құжаттарға сәйкес, Азаматовқа алты жылдың ішінде төрт тәртіптік жаза қолданылғанын атап өтті.
- Сіз қатты соққы болған кезде де ұйықтай бердіңіз бе?, - деп сұрады ол.
- Ұйықтаған жоқпын, есімде ештеңе жоқ, - деп өз сөзін қайталай берді айыпталушы.
- Сіздің кесіріңізден адамдар қайтыс болғанын қай кезде білдіңіз? Ауруханада ма?, - деп сұрады адвокат тағы да.
- Иә, ауруханада ғана есімді жидым, - деп жауап берді Азаматов.
Сондай-ақ, ол бұған дейін спирттік ішімдіктер ішкенін айтты.
- Бір ішкенде қанша мөлшерде ішімдік ішесіз?- деп сұрады адвокат.
Алайда, ол бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.
Оқиға кезінде өлім құшқан полиция қызметкерлерінің бірінің әйелі айыпталушыдан жол апаты болған күні ішкі істер органдары қызметкерінің формасын киген-кимегенін сұрады.
"Барлық көршіңіз сол күні қызметтік форма киіп, қызметтік көлікте отырғаныңызды айтты. Бұл рас па?", - деп сұрады қайтыс болған полиция қызметкерінің жұбайы.
"Жоқ", - деп жауап берді Азаматов.
Оқиға орнында мерт болған полиция өкілінің әйелі айыпталушының бұл сөзі шындыққа жанаспайтынын айтты.
Сотта жол апатынан қайтыс болған екінші полицейдің әйелі де сөз сөйледі.
"Менің үш кішкентай балам әкесіз қалды. Мен Азат Азаматовты кешірмеймін", - деді қайтыс болған тәртіп сақшысы Жарас Жанғазиевтің әйелі.
Негізінен, бұл сот талқылауы өткен аптада өтуі тиіс еді, алайда отырысқа зардап шегуші тарап келмегендіктен, сот отырысы 15 қыркүйекке ауыстырылған.
Сот отырысына мемлекеттік айыптаушы мен айыпталушы Азат Азаматовтың адвокаты ғана қатысқан. Азат Азаматов ол кезде тергеу изоляторындағы техникалық ақаулардың салдарынан бейнебайланысқа шыға алмаған. Бүгін Азат Азаматовты сот отырысына алып келді.
Судьяның қойған сауалдарына жауап берген айыпталушы өзінің жұмыссыз екенін және кәмелеттік жасқа толмаған бір баласының бар екенін айтты.
Айыпталушының адвокаты сөз арасында сот отырысына баспасөз қызметі өкілдерінің қатысуы міндетті емес екенін, себебі, аудио және бейнежазба жүріп жатқанын жеткізді. Сот талқылауы ашық форматта өтті.
Алматы блок бекетіндегі жол апаты
25 мамырда Көксай шағынауданындағы №4 блок бекетте BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші бетон қоршауына соғылған болатын.
BMW патрульдік көлікке қарай ұшып түскен, оның ішінде екі полиция қызметкері отырған.
42 жастағы тәртіп сақшысы Жарас Жанғазиев жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды. Ал оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.
Алматы полициясының тағы бір қызметкері – есірткімен күрес жөніндегі бөлім маманы Ерұлан Сейдазым ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді.
Жол апаты болған сәтте Ерұлан Сейдазым блок бекеттің жанында планшет ұстап, көлік жүргізушілерінің рұқсат қағаздарын тексеріп тұрған. Оның қандай жарақат алғаны белгісіз. Оқиға кезінде оған ұшып кеткен бетон плитасының бір бөлшегі тиген деген мәлімет бар. Тағы бір нұсқа бойынша, айыпталушы алдымен оны қаққан, содан кейін барып бетон қоршауы мен патрульдік көлікке барып соғылған.