НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушылары зираттағы ескерткіштерді қиратып, құлпытастардың үстіне бояу төккен, деп хабарлады жергілікті полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұзақылар Айыртау ауданындағы зираттардың бірін қиратқаны белгілі болды.
"Ең алдымен қабір құрылыстарының бүлінгенін жергілікті тұрғындар байқаған. Кейіннен оқиға орнына келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері 12 құлпытас пен қоршаудың зақымдалғанын тіркеді. Бір құлпытасқа акрилді бояу төккен. Сонымен қатар зират маңында орналасқан кіші шіркеудің терезелерін сындырған", - делінген полиция хабарламасында.
Тергеу әрекеттері нәтижесінде, полицейлер бірнеше күн бұрын зират маңында жүрген 10-12 жастағы үш жасөспірімді анықтады. Олар өздерінің бұл фактіге қатысы бар екенін растады.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу аясында қосымша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Соның нәтижесіне қарай соңғы процессуалдық шешім қабылданатын болады. Ал осы оқиғаға байланысты іс Қылмыстық кодекстің 314-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілді.