НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинаны тұмаудың белгілері, дене қызуы бар адамдарға салуға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, дәрігерлер екпе салардан бұрын респираторлық инфекцияның симптомдары бар-жоғын міндетті түрде сұрайды.
"Тұмаудың белгілері, дене қызуы болғанда, әсіресе, ауру асқынған кезде вакцина салуға болмайды. Сондықтан дәрігерлер осы іспетті белгілердің бар-жоғын қарайды. Сосын жеке аллергиялық реакциялар болады. Оны да сұрайды. Бұл – вакциналауға дейінгі басты талап", - деді Цой журналистерге берген сұхбатында.
Бүгін министр елордадағы №6 емханада тұмауға қарсы вакцина салдырды. Вакциналау биыл екі апта бұрын басталып отыр. Себебі вирустық инфекциялар маусымына коронавирус қосылып кетеді деген қауіп бар.
Оқи отырыңыз: Денсаулық министрі өзіне вакцина салдырды
"Мына бір мәселе маңызды болып тұр: тұмауға қарсы вакцина қалыптастыратын қорғаныс алдағы уақытта бізге көмектесуі тиіс. Яғни, инфекциялар бір-бірімен қабаттасып кетпейді", - дейді Цой.