Қоғам

Тоқаев Келімбетовке жауапты қызметті сеніп тапсырды

Мемлекет басшысы Қайрат Келімбетовті Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Қайрат Келімбетов стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы Ақорданың сайтында жарияланды.  

"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Нематұлы Келімбетов Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалсын", - делінген құжатта.

Оқи отырыңыз: Жұманғарин Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болып тағайындалды 

Қайрат Келімбетов 1999-2001 жылдары стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы болған. 2015 жылдан бастап "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы болып жұмыс істейді.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президентке тікелей бағынатын стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін қайта құру туралы шешім қабылдады. Оған стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік статистикалық қызмет салаларындағы ұлттық экономика министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері берілді.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің міндеті:

  • реформаларды жүзеге асыру тәсілдерін, реформаларды жүзеге асыруға қажетті, сондай-ақ олардың іске асырылу барысын мониторингтеу мен бағалау  бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;
  • мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын дайындау кезінде, сондай-ақ оларды келісу, іске асыру барысын мониторингтеу мен бағалау бойынша мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіру;
  • мемлекеттік органдардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын келісу;
    елдің дамуы мен халықаралық ахуалды стратегиялық болжамдау мен  талдау жүргізу;
    ведомстволық статистика саласындағы жұмысты үйлестіру;
  • орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер берілді.