Өңірлер

Маңғыстау облысында той өткізген шенеунік жазаланады

Отырыстың видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Енді лауазымды тұлға ірі көлемде айыппұл төлейді және оған қатысты тәртіптік жаза қолданылады
Sputnik

АЛМАТЫ, 14  қыркүйек – Sputnik. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Маңғыстау облысында шенеуніктің карантин кезінде той өткізгеніне байланысты түсініктеме берді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде той өтіп жатқаны түсірілген видео тараған болатын. Желі қолданушылары видеодан Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібекованы танып қойды. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, мерекелік іс-шара жеке үйдің ауласында өткен. 

"Лауазымды тұлға Маңғыстау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша түсініктеме беру және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін шақырылды", - деді Байтанаев.

Аталған бапқа сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 30 АЕК немесе 83 340 теңге, лауазымды тұлғаларға – 230 АЕК немесе 638 940 теңге.

Оқи отырыңыз: Той өтіп жатқаны туралы хабарлағандарға берілетін сыйақының мөлшері бекітілді

Лауазымды тұлғаға шара қабылдау үшін облыс әкімдігі мен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға осы жағдай туралы хат жолданады.