Өңірлер

Алматыда тұмауға қарсы вакцинаның 130 мың дозасы сатып алынды

2020 жылы жергілікті әкімшіліктің қаражатына ерекше топтағы адамдарды тұмауға қарсы егуге 130 000 доза көлемінде "Гриппол плюс" вакцинасы сатып алынды
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 қыркүйек – Sputnik. Алматыда тұмауға қарсы егу науқаны 15 қыркүйекте басталады, оған вакцинаның 130 мың дозасы сатып алынды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бекшиннің айтуынша, өткен аптада қалада 1 219 адамнан жіті респираторлық вирустық инфекция анықталған.

"Бұл өткен аптадағы көрсеткіштен 25%-ке төмен және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ке пайызға жоғары. Науқастардың 62%-і – балалар. Қазіргі уақытта тұмау жұқтырғандар тіркелген жоқ", - деді Бекшин.

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, 2020 жылы жергілікті әкімшіліктің қаражатына ерекше топтағы адамдарды тұмауға қарсы егуге 130 000 доза көлемінде үш валентті Ресейде өндірілген "Гриппол плюс" вакцинасы сатып алынды.

Айта кетейік, Алматы қаласында ерекше топтағы тұрғындар тұмауға қарсы тегін егіледі. Оның ішінде медицина қызметкерлері, балалар үйінің, мектеп-интернаттағы балалар, қарттар және мүгедектер үйіндегі азаматтар, жүкті әйелдер бар.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі вакцинаны кімдерге салуға болмайтынын айтты 

Бекшиннің айтуынша, емханаларда дене қызуы көтерілгендер бөлек қабылданады. Сондай-ақ, тұмау кезеңінде жүкті әйелдер ерекше бақылауға алынады.

Сонымен қатар Алматыда ЖРВИ, тұмаумен ауыратындарға медициналық көмек көрсету үшін 92 автокөлік бөлінді. Сондай-ақ, ауруханаларда науқастарды емдеу үшін 485 орын қосымша бөлініп отыр.

Айта кетейік, Алматы қаласында 2020 жылы эпидемиологиялық маусымда тұмауға қарсы екпе салатын жекеменшік үш медицина ұйымы қызмет көрсетеді. Олар:

  • "IMC" медицина орталығы, Мұқанов көшесі, 235;
  • "Вакцинация клиникасы" "Фармаком" ЖШС, Бұзырбаева көшесі, 23;
  • "СОС-Қазақстан" ЖШС, Луганский көшесі, 11.