Әлем

Қыз сақтандыру компаниясынан ақша алу үшін қолын арамен кесіп тастады  

Словения соты сақтандыруға қатысты алаяқтық әрекет жасағаны үшін қызды екі жылға бас бостандығынан айырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек - Sputnik. Словения тұрғыны 1 миллион еуро сақтандыру қаржысы үшін қолының бір бөлігін арамен әдейі кесіп тастады.

Юлия Адлесич есімді қыздың ойын іске асыруға оның жігіті көмектескен. Бұған дейін 22 жастағы қыз бес сақтандыру компаниясымен келісімшартқа отырған, деп хабарлады ABC News.   

Оқыс оқиға салдарынан қыз 1 миллион еуродан (шамамен 505 миллион теңге) астам ақша алуы керек еді, оның жартысы бірден, ал қалғаны ай сайынғы төлемдер түрінде төленуі тиіс болатын.

Адлесич қолының бір бөлігінен айырылғаннан кейін ауруханаға жеткізілді. Қос ғашық қыздың бұтақты аралау кезінде жарақат алғанын айтқан. Сонымен қатар, олар Юлияны біржола мүгедектікке шығару үшін кесілген қолды өздерімен бірге алып келмеген.

Жастарға ешкім сенбейді. Прокуратура бұл оқиғадан бірнеше күн бұрын Юлияның жігіті интернеттен жасанды қолдың қалай жұмыс істейтіні туралы ақпарат іздегенін анықтады, бұл олардың оны әдейі істегеніне тағы бір дәлел болды.

Оқи отырыңыз: Жас жігіт байқаусызда қолын арамен кесіп алды

Іс сотқа жіберілді, онда қыз ешқашан мұндай нәрсені әдейі істемеуші едім деп мәлімдеді.  

"Ешкім мүгедек болғысы келмейді. Менің жастық шағым талқандалды. 20 жасымда қолымнан айырылдым. Оның қалай болғанын мен ғана білемін", - деді ол сот процесі кезінде.

Словения соты Юлияны сақтандыруға қатысты алаяқтық жасауға тырысқаны үшін айыпты деп танып, оны екі жылға, ал жігітін үш жылға бас бостандығынан айырды.