Саясат

Назарбаев Қытай министрімен кездесті

Ван И Елбасыға Қытай төрағасының ыстық сәлемін жеткізді, Си Цзиньпин Назарбаевты кез келген ыңғайлы уақытта Қытайға сапармен келуге шақырған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлайды Елбасы сайты.

Кездесуде Назарбаев Қазақстанда Қытаймен достықты жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Біз тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, шекара мәселесін толық шештік. Біздің қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл болған жоқ, әрі қарай да солай жалғасуы керек. Қазақстан Қытайдың біраз бастамаларын қолдайды. Соның бірі — "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасының жүзеге асуы", - деді Елбасы.

Назарбаев талай шаруа атқарылғанын, әлі де көп жобалар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Қытайдың сыртқы істер министрі Қазақстанның жетістіктеріне тоқталып, Назарбаевқа екі ел арасындағы жан-жақты қатынасты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты. Ван И Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының әрі қарай да тереңдей беретініне сенім білдірді.

"Жақында Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Сіз оған қол жеткізудің бастауында тұрдыңыз. Осы жылдар ішіндегі Қазақстанның табысты дамуы бәрімізді тәнті етеді. Осы жетістіктің бәріне сіздің арқаңызда қол жеткізілді. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан өсіп-өркендеді. Өз еліңіз үшін және біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тату көршілік қатынастарды дамыту үшін біраз шаруа атқардыңыз. Қытай халқының сіз сияқты сенімді досы бар. "Бір белдеу, бір жол" бастамасы дәл осы жерде – Қазақстанның астанасында бастау алғанын ешқашан ұмытпаймыз", – деді Ван И.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Қытай төрағасы телефонмен сөйлескенде өзіне не дегенін айтты

Министр Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ауызша ыстық сәлемін жеткізді. Онда ол Елбасыны кез келген ыңғайлы уақытта Қытайға сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің өткен отырысы туралы айтып берді. Ван И осы жылдар ішінде Қазақстан ШЫҰ-ға ең белсенді қатысушылардың бірі ғана емес, сондай-ақ көптеген идеяларға, жобалар мен бағдарламаларға бастамашы болғанын атап өтті.

Тұңғыш президент Қытай төрағасына ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ, ШЫҰ және "Бір белдеу, бір жол" жобасының маңыздылығы туралы пікірін білдірді.

"Си Цзиньпинге жылы лебізі үшін алғысым шексіз. Мен ШЫҰ құрылуының бастауында болдым. Ұйымды сақтау және одан әрі дамыту керек деп санаймын", — деді Назарбаев.

Елбасы жаһандануға қатер төніп тұрған қазіргі кезде ШЫҰ және "Бір белдеу, бір жол" интеграция идеясын ұстанатын көптеген халық үшін тығырықтан шығудың жолы екенін айтты.