Қоғам

Қазақстанда қай кезде ең қатаң карантин жарияланатыны белгілі болды

Қазір Қазақстанда 4 600 адам емделіп жатыр, егер олардың саны тәулігіне 30 мыңға жетсе, ең қатаң карантин енгізіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Егер Қазақстанда коронавирустан емделіп жатқан науқастар саны тәулігіне 30 мыңға жетсе, ең қатаң карантин жарияланады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Карантин бойынша қатаң шектеу шаралары қай кезде енгізілуі мүмкін, "қызыл сигнал" қай уақытта пайда болады деп сұрап жатыр. Барша қазақстандық және денсаулық сақтау министрлігі үшін дабыл қағатын көрсеткіш тәулігіне ауырып жатқан науқастардың саны болуы тиіс. Қазір Қазақстанда 4 600 адам емделіп жатыр. Егер олардың саны тәулігіне 30 мыңға жетсе, тиісінше, елде ең қатаң карантин енгізіледі", - деп түсіндірді Қожахметов онлайн баспасөз мәслихатында.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға емханаға тіркелуге екі ай уақыт беріледі 

Ол коронавирустың екінші толқынына дайындық аясында ауруханалар бір мезетте 70 мыңнан астам төсек-орын ұйымдастыруға дайын екенін атап өтті. Оның үш мыңнан астамы жансақтау бөлімдерінде болмақ.

Соңғы деректер бойынша коронавирус жұқтырғандар саны республикада 106 661 адамға жетті. Оның 94,1 проценті жазылып шықты.