НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған пациенттердің статистикасын жариялағанда, оларды симптомды және симптомсыз деп бөлуді неге тоқтатқанын түсіндірді. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жалпы тамыз-қыркүйек айларында симптомды және симптомсыз коронавируспен ауыру статистикасы біріктірілген болатын. Мұндай тәжірибе болжамдар жасайтын және медицинаның мүмкіншілігін есептейтін сарапшылар үшін ғана тиімді екеніне көзіміз жетті. Ал қоғамда сандарды шатастырып, түсінбейтін тұстары көбейіп кетті. Сол себепті күн сайын жарияланатын мәліметтерді екіге бөліп беруді тоқтаттық", - деді Қожахметов онлайн баспасөз мәслихатында.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға емханаға тіркелуге екі ай уақыт беріледі
Десе де, бұқаралық ақпарат құралдары статистикалық деректерді ажыратып беруді сұраса, онда министрлік сұрау хат арқылы тиісті мәлімет ұсынуға дайын.
Соңғы деректер бойынша коронавирус жұқтырғандар саны республикада 106 661 адамға жетті. Оның 94,1 проценті жазылып шықты.