Әлем

COVID-19: Ғалымдар антидене ағзада бір ай ғана болатынын анықтады

Зерттеуге сәйкес, жазылып шыққандардың 80,7 процентінде антиденелер болған. Алайда олардың барлығы бірдей инфекциядан қорғай алмаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Қытай ғалымдары коронавируспен ауырып шыққан адамдардың ағзасында антиденелер бір айдың ішінде азайып кететінін анықтады, деп хабарлады Express сайты.   

Нанкин университеті жанындағы медицина мектебінің ғалымдары коронавирустың жеңіл түріне шалдыққан 19 науқас пен ауыр жағдайда болған 7 адамның денсаулығын екі ай бойы бақылаған.

Оқи отырыңыз: COVID-19 вакцинасын кімдерге салуға болмайды – иммунолог жауап берді 

Зерттеуге сәйкес, жазылып шыққандардың 80,7 процентінде антиденелер болған. Алайда ол антиденелердің  барлығы бірдей инфекциядан қорғай алмаған, азғантай бөлігі ғана вирусқа төтеп беріпті. Ғалымдар ауруханадан кейін үш-төрт аптаның ішінде антиденелердің қорғаныс қабілеті айтарлықтай төмендегенін анықтаған.

"Демек, коронавируспен ауырып шыққан адамдардың қанын осы ауруға шалдыққан науқастарға құйғанда антиденелердің деңгейіне баса назар аудару керек, қан сынамаларын мұқият таңдаған жөн", - дейді ғалымдар.

Бұдан бөлек, коронавирусқа шалдыққан адамның ағзасындағы антиденелердің бөлінуіне қатысты қолданбалы ақпарат тиімді емдеу мен алдын алу вакциналарын әзірлеуге көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін америкалық ғалымдар коронавирустың жеңіл және орташа түрімен ауырған адамдардың ағзасында антиденелер үш айға дейін сақталады деген болатын.