Өңірлер

Солтүстік Қазақстан облысының астығы Қытайда жоғары бағаланады – президент

Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстандағы "Аби жер" ЖШС-нің астық жинау науқанының барысымен танысты, деп хабарлады Ақорда.

Президент дихандармен әңгіме барысында Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің маңызды астықты өлкесі екенін, мұнда әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи өнім өндірілетінін айтты. 

"Солтүстік Қазақстан облысының өнімі әлемде, соның ішінде, Қытайда жоғары бағаланады. Яғни, үлкен мүмкіндіктер бар. Өңірдің әлеуеті зор деп ойлаймын. Жолдауға келетін болсақ, оны жүзеге асырудың барлық тетіктері үкіметпен, тиісті мамандармен келісілген. Сондықтан оны тек қана орындау керек. Кезінде үлкен, ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды, бірақ, қазір шағын әрі елге түсінікті ұлттық жобалар керек", – деді мемлекет басшысы. 

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қостанай облысына барды 

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде аграрлық секторды әртараптандыру жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Майлы дақылдардың алқабы 1 миллион гектарға жуықтаған. Жыл басынан бері агросекторға 61 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының минералды тыңайтқыштарды пайдалану жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орында екенін жеткізді. Биыл 2,3 миллион гектар аумаққа 130 мың тонна тыңайтқыш пайдалану жоспарланған. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде өнім өндіру көрсеткіші артқан. Алдағы уақытта "CLAAS" неміс концерні Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын құрастырмақ.