Қоғам

Тоқаевтың тапсырмасы: жаңа министрлікті құру үшін қанша ақша керек

Еңбекақы төлеу қорын арттыруға республикалық бюджеттен шамамен 233 миллион теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған төтенше жағдайлар министрлігінің еңбекақы төлеу қорына 233 миллион теңге керек. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа министрліктің құрамына төтенше жағдайлар комитетін барлық бөлімшесімен қоса қайтару көзделіп отыр.

"Бөлімшелердің барлығы қайтарылады. Олардың бәрі қазір республикалық бюджеттен қаржыландырылып жүр және алдағы уақытта да қаржыландырылады. Яғни, дәл осы ақша тек бір құрылымға шоғырландырылады", - деді Ильин онлайн баспасөз мәслихатында.

Десе де, министрдің орынбасары жаңа ведомствоның еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін қосымша ақша қажет екенін айтты.

"Жаңа лауазымдар енгізілетіндіктен, еңбекақыны төлеу қорын арттыруға қатысты мәселе бар. Бірқатар лауазымды тұлғаның жалақысы көтеріледі, тиісінше қажетті ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізіледі. Бізде еңбекақы төлеу қорын арттыруға шамамен 233 миллион теңге қарастырылып отыр", - деді ол.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігі құрылды

Еске салсақ, Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігі бұған дейін де болған. Ведомство 2014 жылы қысқартылып, ішкі істер министрлігіне қосылды.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте жариялаған жолдауында төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру керектігін айтты. Ал 9 қыркүйекте президенттің тиісті жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі жаңадан құрылған төтенше жағдайлар министрлігіне берілді.