НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытуға бюджеттен 70 миллион доллар бөлінді деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Өйткені қашықтан оқыту тек биыл ғана, сәуір айынан бастап енгізілді. Жалпы төртінші тоқсанда қашықтан оқытуға бюджеттен ақша бөлінген жоқ. Себебі интернет платформалар өз ресурстарын тегін ұсынды. Өйткені төтенше жағдай режимі болатын", - деп түсіндірді Аймағамбетов онлайн баспасөз мәслихатында.
Ол төртінші тоқсандағы телевизиялық сабақтар да тегін түсіріліп, көрсетілгенін айтты.
Министрдің хабарлауынша, қазір 2,6 миллион оқушы қашықтан оқып жатса, 800 мың бала дәстүрлі форматта білім алып жатыр.
"Оқыту үшін 435 мың компьютер уақытша берілді. Жақында 300 мыңнан астам мұқтаж азаматтарға таратылатын болады. Орташа күніне 2 миллиондай сабақ жүргізіледі. Күн сайын онлайн-платформалардан 70-80 миллион рет сабақтар қаралады", - деді ол.
Айта кетсек, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қашықтан білім беру форматын бірінші тоқсанда сақтауды ұсынды.