Қоғам

Қазақстан ақпанда коронавирусқа қарсы вакцинаны жаппай шығаруды жоспарлап отыр

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қазақстандық ғалымдар әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцина туралы айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан ғалымдары отандық вакцинаның жаппай өндірісін ақпан айында бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровпен бірге өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазақстандық ғалымдар да вакцина әзірледі. Олар сынақ жұмыстарына енді кірісті. Ғалымдар вакцинаны шамамен ақпан айында жаппай өндіріске шығаруды жоспарлап отыр", - деп мәлімдеді Тілеуберді.

Лавров Қазақстан мен Ресей арасында "Спутник V" вакцинасы туралы келісім барын еске салды.

"Тамыздың соңында Қазақстанның вице-премьері Скляр мырза Мәскеуге келді. Мұның бәрі талқыланды. Бұл бағыттағы нақты қадамдар туралы келісім бар", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Дәрігерлер коронавирустан емдеу үшін жылқының антиденелерін пайдаланбақ

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" және оксфордтық вакциналар сатып алынуы мүмкін екенін айтты. Осыған қатысты келіссөздер жүріп жатыр. Қазақстандық ғалымдар да өз вакцинасын әзірлеуде.

Отандық QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынағына қатысуға 627 адам ниет білдірді.

Қазақстандық вакцина жайлы не белгілі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 31 шілдеде қазақстандық инактивтелген QazCovid-in️ вакцинасын клиникалық сынақтарға жіберілген кандидаттық вакциналар тізіміне енгізді.

Вакцинаны әзірлеген жеті маман вируспен үнемі жұмыс істегендіктен, қауіпсіздік мақсатында екпені алғашқылардың бірі болып өздеріне салды. Еріктілердің арасында институт директоры да бар. Талдау нәтижесі бойынша бәрінің ағзасында вирусқа антидене түзілген. Қызметкерлердің жағдайы жақсы, ғылыми-техникалық бағдарлама аясында жұмысын жалғастыруда.